KZ
Өскемен
-19°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
526.11 542.31 4.76

Қазақстанның спортшыларын киіндіріп отыр

15.12.2024, 18:30 39 Гульжан Мусина

Өскеменнің «Рассвет» фабрикасында тігілген көйлектерді соңғы рет 1988 жылдың күзінде Алматының орталық әмбебап дүкенінен көріппін. Көзден бұлбұл ұшқан сол «Рассвет» фабрикасы және қаншама мыңдаған өскемендік қыз-келіншектің тұрақты жұмыс орны болған қазір «КШТ» деген атпен танымал ықшам аудандағы «Жібек маталар комбинаты» бәрі де өңіріміздің, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің жұлдызы еді.

Биылғы 9 айда облыстағы жеңіл өнеркәсіп саласында барлығы 2,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Жалпы өнеркәсіптік өнімдердің ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдері 0,1 пайызды ғана құрап отыр. Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы осы.

Табыстың кілті – табандылық

Жаңағы облыстың жеңіл өнеркәсібінде өндірілген 2,2 млрд теңгенің өнімінің жартысы тоқыма бұйымдары болса, жартысы киім-кешек.

Еліміздің тұтыну нарығында азық-түліктен кейінгі екінші орынды киім-кешек алады. Олар өзіміздікі емес, әрине, вагон-вагон болып, Қырғызстаннан, Қытайдан, Түркиядан, Ресейден әкелініп жатқандар. Ал, өзге жақта емес, өзімізде шығарылып жатқан ЖІӨ-нің 0,1 пайызын құрайтын азын-аулақ сол киім-кешектердің ішінде өскемендік ALPRIMA өндірістік компаниясы өндіріп отырған тауарлар да бар.

Жалпы, жеңіл өнеркәсіпте жазатындай ештеңе жоқ деп бұл тақырыпты жылы жауып қоя салуға болар еді. Бірақ, бізді өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің алғашқы қарлығаштарының бірі болып отырған ALPRIMA шағын өндіріс орнының ешкімнің тісі батпай, қолынан келмей жүрген өнеркәсіптің ауыр жүгін қалай жеңілдетуге тырысып жатқаны, киім шығарудың шаруасын қалай өркендетіп, ілгерілетіп отырғаны қызықтырды.

Өскемендік кәсіпкер Андрей Дегунков ісімді ілгерілетуге алдымен, өндірістегі мықты мамандардың, одан соң елімізде отандық өндірісті қолдауға орай іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың септігі көп тиді дейді. Шағын кәсіпорындағы сайдың тасындай бесаспап мамандарсыз өзінің ешкім емес екенін айтқан ол мемлекеттік қолдаулардың арқасында жеңілдікпен несие алып, өндірісін өнімділігі жоғары жаңа технологиялармен жабдықтап жатқанын жеткізді.

Ол осыдан он жыл бұрын ашылған өндірісіне қажетті алғашқы станокты мемлекеттен бөлінген үш миллион теңге қайтарымсыз қаржыға өз қаражатын қосып сатып алған екен.

Бұған дейін түрлі-түрлі спорттық киімдерге арнайы логотиптерді, әр түрлі атрибуттарды жапсырып, тігумен айналысып келе жатқан шағын фирма өндіріске қажетті алғашқы станокты алғаннан кейін тәуекелге бел буып біржолата спорттық киімдерді тігуге көшеді.

- Облыстың, еліміздің спортшылары формаларына таңба, белгі салдыруға келгенде «Спорттық киім тікпейсіздер ме? Тек логотип қана саласыздар ма?» деген сұрақтарды жиі қоятын. Көп жағдайда спортшылардың дене бітіміне стандарттық киімдер шақ келе бермейді. Спортшылар сыртқы нарықта да өздеріне дәл келетін, үйлесімді киімді таба алмай, тапса бәріне бірдей жетпей қалып жататын. Ойлана келе еліміздің спортшыларына арнап өзіміз киім тіксек деген шешімге келдік, - дейді Андрей Дегунков.

Қазіргі күні Қазақстандағы сан түрлі спорттық клубтар түгелдей дерлік мемлекеттік тапсырыс арқылы тек отандық өнім өндірушілердің тауарын алуға ден қойып отыр. Оның ішінде алдымен сапасы жоғары өскемендік шағын кәсіпорынның киімдерін таңдап жатады. Бүгінде Қазақстанның барлық хоккей клубтары «ALPRIMA-ның» басты тұтынушылары. «Барыс», «Торпедо» «Сарыарқа» хоккей клубтары, жалпы, елдегі спорттық клубтардың 70 пайызы осы жерден киініп отыр.

Республикамыздағы жеңіл атлетика, футбол, волейбол клубтарының сайыпқыран спортшылары киіп жүрген спорттық киімдер де өскемендік кәсіпорында, осы жердегі дизайнерлер мен тігіншілердің қолынан шығып жатыр.

2021 жылы Токиода өткен олимпиададан қола тағып қайтқан қазақстандық қос ауыр атлетші  Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло да зілтемір көтеруге «ALPRIMA-ның» киімдерімен шыққан.

Теледидардан өздерінің қолымен тігілген киімдерді киіп шыққан еліміздің, өңірдің спортшыларын көргенде кәсіпорындағы жұмысшының әрбірінің жүрегін қуаныш кернейді. Бәрі де біздікі. Спортшылар да, спорттық киімдер де өзіміздікі. Өскемендік шағын кәсіпорында шығарылған спорттық киімдермен қазақстандық спортшылар төрткүл дүниенің түкпіріне барып, қайтуда.

Қашанда, қай елде, қай жерде жүрмесін біздің қолымыздан шыққан киімдерді киіп жарқырап шыққан спортшыларымыз үшін тақымымызды қысып, жанкүйер болып отырамыз. Жеңіске жеткенде көзімізден жас та шығып кетеді, десті тігін цехындағы қыз-келіншектер.

Тігінші Юлия Подойникованың тігіншілік өтілі 30 жылдан асса, Альмира Саттарқызы мұнда былтыр ғана қалалық жұмыспен қамту орталығынан келіп, тұрақты жұмысқа орналасқан екен.

- Семей қаласындағы сервистік қызмет колледжінде төрт жыл оқып, модельер-құрастырушы мамандығын алған болатынмын. Отбасыммен Өскемен қаласына көшіп келген соң жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, орталық арқылы осы жерге келдім. Бастапқы кезде киімдерді кесу станогында тұрсам, қазір тігіншілердің қатарына қосылдым. Құрал-жабдықтарымыздың бәрі соңғы үлгідегі жаңа машиналар болғандықтан жұмыс істеуге, тігуге ыңғайлы, шаршап, шалдығу деген жоқ, - дейді Альмира.

Шағын кәсіпорын биыл мемлекеттік «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 8 пайыздық жеңілдікпен несие алып, киім үлгілерін қиятын заманауи қытайлық лазерлік құрал-жабдықтар сатып алған. Автоматтандырылған, өнімділігі аса жоғары жабдықтар адам қолының күшін қажет етпейді. Кәсіпорын «Өндіріс» бағдарламасы бойынша да «Даму» қоры арқылы несие алып отыр. Кәсіпорын басшылығы өндірісті өркендету, келелі мәселелерді кеңесіп шешуге орай облыс кәсіпкерлері палатасымен, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен де бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Кәсіпорынның «Даму» қоры арқылы алып отырған несиесінің 14 пайызы мемлекет қаржысымен субсидияланып отыр. 8 пайыз жеңілдікпен берілген несиенің арқасында кәсіпорынға өз өнімдерінің өзіндік құнын түсіруге, осылайша шетелдерден келіп жатқан арзан өнімдермен бәскелесе алуға мүмкіндік туып отыр. Мемлекеттік қолдаудың бизнестегілерге тигізіп отырған шапағаты осындай.

Кәсіпкерлерге, әсіресе, өндіріс саласындағыларға жеңілдіксіз 22 пайызбен (банктердің көпке беріп жатқанындай) несие алу тіпті де мүмкін емес. Бірнеше жылдан соң алған несиелерін екі есе етіп қайтаруларына тура келеді.

Кәсіпорын басшысы Андрей Геннадьевич алдағы жылдары өскемендік өнімдермен көршілес елдердің нарығына, атап айтқанда Ресей нарығына шығуды көздеп отырғанын айтты.

Әр елдегі жарыстарда қазақстандық спортшылардың үстінен көрген киімдерді көршілердің спортшылары да ұнатып, бағасына, сапасына қызығушылық білдірген екен. Қазірдің өзінде ол жақтағы спорттық ұйымдармен келісімдер жүргізілу үстінде. Ресей командалары үшін спорттық киімдердің бірнеше үлгілері де тігіліп берілген көрінеді.

Тігінші көп, тігінші жоқ

Алғаш құрылғанда ALPRIMA өндірісінде бар-жоғы үш-төрт адам ғана болса, қазіргі күні 15 маман тұрақты жұмыс істеп жатыр.

- Өндірісімізді ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отырғандықтан бізге әлі де болса тігінші мамандары қажет. Мамандарды өзімізге тарту үшін қалалық жұмыспен қамту орталығымен үнемі хабарласып, байланысып отырамыз. Өкінішке қарай, қаладағы ательелерде де тігіншілер жетіспейді. Кадр жоқтың қасында, аға буын зейнет жасында. Бұрын тігіншілікті мақтан ететін болса, қазір қадірі кетті. Тігіншілер бұрын әлеуметтік жағынан қорғалған болатын. Қаладағы №15 кәсіптік училищенің түлектерін жыл сайын өзімізге шақырып жүрміз. Алайда, келушілер аз. Қазіргі күні тігін ісі бұрынғыдай ауыр да емес. Училище шебері кәсіпорынға келіп автоматтандырылған озық технологиялармен жұмыс істеп тұрған кесу, басып шығару, киім пішу, тігін цехтарын көріп қайран қалды. №15 кәсіптік училищенің 2-ші курс студенттерін экскурсияға шақырдым. Олар ескі жабдықтарда емес, мынандай жаңа құрал-жабдықтарда жұмыс істетйіндерін көрсе дейміз. Бізде барлық жағдай жасалған. Қазіргі жастар бұрынғыдай жұмыс істегісі келмейді, жеңіл-желпі сатушы сияқты смартфон сығалап отыратын жұмыстарды тәуір көреді, - дейді ол.

Шағын кәсіпорында еңбекақы жоғары, жұмысшыларға тиісті әлеуметтік жағдай жасалып жатқанымен, түйіндемесін әкеліп, «тігінші болсам» деп ешкім есік қағып келмепті. Басқа-басқа, мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерде, училищелерде тегін оқытылып жатқан тігіншілер қайда сонда? Жыл сайын бөлініп отырған қаншама қаржы желге ұшып жатқаны ма? Кәсіпкер айтқандай, жұмысшы мамандарды мемлекеттік тапсырыспен оқыту жүйесін қайта қарап шешу керек болар, бәлкім.

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұр. Мұндай өндірістерді ұйымдастыруға үлкен алаңдар қажет. Ол үшін өндірістік цехтарды орналастыратын ғимарттар керек. Өндіріс орнын жалға алу, жалдайтын жер табу кәсіпкер үшін қиындықтар тудырып келеді. Жалдау ақысының құны өнімнің өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Спорттық киімдер өндірісі бұрын қаланың ішінде болған көрінеді. Қаладағы шаршы метрі ай сайын қымбаттап жатқан ғимараттардың жалға алу құнын қалта көтере алмайтын болғандықтан өндіріс орны қала шетіне қарай көшіріліпті.

Шеттен шикізат сатып алуға салынатын қосымша құн салығы мен жалға алу құнының қымбаттығы жеңіл өнеркәсіптің басындағы басты қиындық деп айтуға болады. Үкімет деңгейінде айтылып, жыл сайын дерлік көтеріліп жүрген мәселенің бірі - шеттен шикізат алушы өндірістерді қосымша құн салығынан босату мүмкіндігін енгізу. Осы орайда өскемендік кәсіпкер жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге, жағдайын жақсартуға шетелден шикізат сатып алып отырғандарды қосымша құн салығынан босату үлкен көмегін тигізер еді деп есептейді. Егер осы көмектер, жеңілдіктер көрсетілетін болса жеңіл өнеркәсіпті аяқтан нық тұрғызуға болады.

Өйткені, қазіргі уақытта шағын кәсіпорын спорттық киімдерді тігетін арнайы материалдарды Ресейден, бояуды Қытайдан алады. Спорттық киімдерді тігуге арналған ерекше маталар біздің елде өндірілмейді. Енді оларды Қытайдан арзанға алу жағын қарастырып жатыр. Қытайдың шикізаты арзанырақ болғанымен тасымалдау шығыны көп. Логистиканың тиімсіздігінен материалды арзан деп сатып алудың мәнісі тағы жоқ.

Осыдан он жыл бұрын ALPRIMA спорттық киімдерді тігудің алғашқы қарлығашы болса, бәсекелестерінің төбесі көріне бастаған бүгінгі күні солардың ортасында өз орнын ойып тұрып алып отыр. Алғашқы қарлығаш демекші, ал деп жұмысқа кіріскен алғашқы айларда кәсіпорын ұжымы ұнжырғаны түсірген күрделі кезеңді бастан кешірген екен. Ол кезде қазіргідей онлайн аудармашы жоқ. Ешкім ешқашан жұмыс істеп көрмеген станоктарды іске қосып, жұмыс істету, нұсқаулықтары өзге тілдегі станоктарды жөндеу, олардың бағдарламаларын жүйелеу сияқты техникалық жұмыстардың қыр-сырын меңгеруге кеткен уақытты айтпағанның өзінде өндірістік ақаулар мен кем-кетіктердің салдарынан мыңдаған метр маталар түкке алғысыз болып қалып, қып-қызыл шығынға батқан. Қазір өндіріс мамандары автоматтандырылған әр станоктың иненің көзіндей бұрандасына дейін жатқа біледі.

Күні кеше 2024 жылдың көктемінде лазерлік станокты несиеге Қытайдан сатып алған кәсіпорын тағы да техниканы орнатудың машақатына тап болыпты. Қытайдағы тасқын судан кейін сатып әкелінген лазерлік станокты ашқанда ішіндегі қуыс-қуысының бәрі суға толып кеткен болып шыққан. Соттасып жүруге уақыт жоқ. Тапсырысты мерзімінде орындау қажет. Станоктың әр бөлшегін, бұрандасын шешіп алып, ақтарып-төңкеріп, кептіріп, қайтадан құрауға тура келеді. Қазір сол станок тоқтамай жүріп тұр. Шаруаның бәрін шырқ иіріп тұрған құралдардың ең зоры да осы зырылдаған жабдық.

Мемлекетіміздің спортшы саңлақтарын киіндіріп отырған өскемендік спорттық киімдер өндірісінің жұмысы қарқын алып, алға басуда. Қаншама тарихи кезеңді өткеріп жатқан технологиялық дәуірде Қазақстан экономикасымен бірге өркендеп, қуат алып, дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.

 Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу