KZ
Өскемен
-24°
плотный туман жел 1 м/с, С
528.52 539.14 5.17

Ұлан ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қаншалықты өсті?

12.12.2024, 11:30 89 Гульжан Мусина

Ұлан ауданында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен жетістіктер ауданның дамуында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Мемлекет саясаты Президенттің Жолдауы мен облыс әкімінің тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауданның өндіріс, ауыл шаруашылығы, инвестициялар тарту және құрылыс салаларындағы көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Осы жетістіктерге Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов егжей-тегжейлі тоқталды.

Ауданның экономикасы әртараптанып, барлық салаларда өсім байқалады. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісі артқанымен қатар, инвестициялар тарту, құрылыс жұмыстары және кәсіпкерліктің дамуы ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Ірі қара мал мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де ұлғайып, егіншілікте жақсы нәтижелер көрсетілуде. Осылайша, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Аудан әкімінің халықпен өткен кездесуінде аталған жетістіктерге ерекше назар аударылды.

– Өнеркәсіп саласындағы жетістіктер айқын байқалады. Аудан бойынша өндірілген өнімнің көлемі 55,5 миллиард теңгеге жетіп, өсу қарқыны 111,1%-ды құрады. Өңдеуші өнеркәсіптің көлемі 49,4 миллиард теңгені құрап, 109,4%-ға артты. Бұл көрсеткіштер өндіріс көлемінің ұлғаюы мен өңдеуші өнеркәсіптің дамуын көрсетеді. Ауыл шаруашылығында да өсім байқалады. Ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 70,7 миллиард теңгені құрап, 109,1%-ға өсті. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы үшін негіз болып табылады, – деді аудан әкімі Арман Бекбосынов.

Инвестициялар тарту бойынша да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 13,4 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 125,1%-ға артық. Бұл көрсеткіш ауданның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жаңа жобалар мен кәсіпорындарды іске қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құрылыс көлемі 5,6 миллиард теңгені құрап, өсу қарқыны 137,8%-ды құрады. 8 281 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауданның кәсіпкерлік саласы да жақсы дамып келеді. Ауданда 2 626 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, олардың саны да ұлғайып келеді. Бөлшек тауар айналымы 12,6 миллиард теңгені құрап, өсім 108,0%-ды көрсетеді. Бұл аудан экономикасының дамып келе жатқанын және кәсіпкерліктің белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады. Аудан бойынша 56,7 мың бас ірі қара мал, 42,2 мың бас жылқы, 98,2 мың бас қой-ешкі, 10,5 мың бас шошқа және 3,4 млн құс бар. Мал басының өсімі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, ірі қара мал саны 2023 жылмен салыстырғанда 112,0%-ға артты. Сондай-ақ, ет өндірісі 71,4 мың тоннаға жетіп, 105,5%-ға өсті, сүт өндіру 32,9 мың тоннаға жетіп, 109,9%-ға артты, жұмыртқа өндіру 5 миллион данаға жетіп, 108,8%-ға өсті.

– Ауданның егіншілігі де жақсы нәтиже көрсетуде. 2023 жылмен салыстырғанда егіннің орташа түсімі екі есе артып, 14 центнер/гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе жоғары. Майлы дақылдардың өнімділігі де артты, – деді Арман Бекбосынов.

Әлеуметтік саладағы ілгерілеу 

Ауданның әлеуметтік саласын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр үш білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Болашақ» лагеріне, Восточное және Айыртау ауылдарындағы мектептерге 80,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар, Бозанбай ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Тройницкое ауылында медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, былтыр Желдіөзек, Отрадное, Макеевка, Казачье және Сарыөзек ауылдарында 5 медициналық пункт салынды. 

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана құрылысы басталды. Бұл жұмыстарды «ЭЛХОН» ЖШС жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Айыртау және Герасимовка ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізілді. Қ.Қайсенов кентінде мәдениет және демалыс орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл орталықты салу жұмыстарын «QK SUNKAR» ЖШС жүргізуде. Ұлан ауылындағы клубқа 94,1 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді аудан әкімі. 

Былтыр «Жол жылы» аясында 12,8 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарға 600,4 млн теңге бөлініп, Айыртау, Мамай батыр, Герасимовка, Украинка, Таврия, Қасым Қайсенов және Ұлан ауылдары қамтылды. Сондай-ақ, Макеевка, Бестерек, Қасым Қайсенов, Ново-Одесское, Саратовка және Таврия ауылдарының көшелері ағымдағы жөндеуден өтті.  Тарғын және Мамай батыр ауылдарының 2,5 шақырым жолдарына орташа жөндеу жүргізілді.

Ауданда «Бір қабатты Шығыс» жобасы қарқынды іске асырылуда. Герасимовка ауылында 44 екіпәтерлі тұрғын үй (88 пәтер) салынуда. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд теңге. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған 34 пәтерге 690,2 млн теңге, әлеуметтік осал топтарға арналған 54 пәтерге 897,4 млн теңге қарастырылған. 

Былтыр 36 пәтер салынды, олардың жалпы ауданы – 2,8 мың шаршы метр. Бұл үйлер Алмасай, Тарғын, Сағыр, Мамай батыр, Ұлан, Айыртау және Баяш Өтепова ауылдарын қамтыды. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаждар қатарында 812 отбасы бар, оның ішінде 415 отбасы әлеуметтік осал топтардан, ал 152-сі көпбалалы отбасылар. 

Сапалы ауызсумен қамтылуда  

Ауданда инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан қаржыландырудың барлық көздері арқылы биыл 122 жоба іске асырылды. Жобалардың негізгі бағыты – инфрақұрылымның барлық салаларын, әсіресе, сумен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту.

– Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету – басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта биыл бірқатар маңызды жұмыстар басталды. Оның ішінде, Қасым Қайсенов ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жұмыстарды «ДК Build» ЖШС жүргізуде, жұмыстың аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған. Бұл жоба аудан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді Арман Бекбосынов.

Отрадное ауылында да су құбыры желілерін салуға қаржы бөлінген. Ал Асубұлақ ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл жобаның жүзеге асырылуы 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бозанбай ауылында су құбыры желілерін салу жобасының құжаттамасы әзірленуде. Алмасай ауылындағы бірнеше көшеде су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудандағы 45 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 19 ауылда 21 блок-модульді таза су станциясы жұмыс істейді.

Жылумен қамту саласы дамып келеді

Ауданда жылу жүйесінің дамуы мен тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта бірқатар ауқымды жобалар мен жұмыстар қолға алынған, олар ауданның инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізуде.

Былтыр Таврия ауылында жылу жүйесінің құрылысы басталып, осы мақсатта 367,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Ал биыл жаңа қазандықтың құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын «Терезе» ЖШС жүргізуде. Қазандықтың іске қосылуы ауданның жылу жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды қадам болмақ.

– Қасым Қайсенов кентінде де жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылы бірінші кезектегі жылу желілерінің реконструкциясы аяқталды. Мердігер ұйым – «Древстроймаркетинг» ЖШС жұмысын аяқтады. Ал екінші кезектегі жылу желілерінің реконструкциясына жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын жоба басталды. Бұл жұмыстар 2024-2025 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді Арман Бекбосынов.

Ауданда отынмен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аясында «Айтас-Энерго» ЖШС мен «Қаражыра» АҚ арасында қатты отын, яғни 57 мың тонна көмір сатып алу туралы келісім жасалған.

Аудан тұрғындары өздеріне қажетті көмірді Өскемен қаласындағы Сол жағалау теміржол станциясынан 15 800 теңгеден сатып алуда. Сонымен қатар, ауданның бюджеттік ұйымдары мен жылу көздері 100%-ға қамтамасыз етілгендігі айтылды.

Көше шамдары көбейе түсті

Ауданда көше жарығын, спорт алаңдарын орнатуға бағытталған жұмыстар да атқарылуда.

– Былтыр 15 ауылда көше жарығын орнату және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қ.Қайсенов, Асубұлақ, Гагарино, Привольное, Тройницкое, Донское, Айыртау, Жаңа Қанай, Айтықов, Сағыр, Жанұзақ, Сарыөзек, Огневка, Желдіөзек және Ұлан ауылдарында 72,6 миллион теңге қаражатқа 436 бағана мен жарықтандыру құралдары орнатылды. Бұл шаралардың нәтижесінде ауылдарда түнгі жарықтандыру сапасы айтарлықтай жақсарды, – деді Арман Бекбосынов.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Тарғын, Бозанбай, Таврия және Мамай батыр ауылдарында 285 жарық бағанасы мен жарықтандыру құралдары орнатылып, ауыл тұрғындары осы игіліктерді толыққанды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

– Биыл 9 ауылда балалар алаңы мен спорт алаңдарын орнату және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мамай батыр, Ұлан, Жанұзақ, Баяш Өтепов, Асубұлақ, Митрофановка, Қасым Қайсенов, Гагарино және Донское ауылдарында жаңа алаңдар салынды. Таврия ауылында парк аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Сағыр, Айыртау және Бозанбай ауылдарында  тұрмыстық қатты қалдықтар үшін контейнерлер орнатылып, қоршаулар орнату жоспарланған, – дейді аудан әкімі.

Бозанбай мен Таврия ауылдарында екі мал қорымы құрылысы басталды, бұл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Аудандағы су тасқынына қарсы шаралар да назардан тыс қалған жоқ. 7 ауылда су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы шаралар атқарылды. Қ.Кайсенов ауылында дренаждық канал салуға 13,5 миллион теңге бөлінді. Бұл канал ауылды су тасқынынан қорғау және ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін маңызды рөл атқаратын болады.

 

                                            Айжанат Бақытқызы

                                                                                            Ержан Әбіш

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу