Ауылдарды көркейту – басты міндет
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге ауылдарды, соның ішінде шағын елді мекендерді жойылып кету қаупінен сақтап, дамыту жөнінде ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты әр өңірде тиісті жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күршім ауданының орталығына жақын орналасқан Бірлік ауылында қазір 80-нен астам үй бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдың болашағын жарқын етуге үлкен серпін берген жобалардың бірі – өткен жазда басталған 50 орындық мектеп құрылысы. Бұл нысан оффтейк келісімшарты негізінде салынып жатыр. Себебі 1968 жылы тұрғызылған ескі мектеп ғимараты әбден тозып, апатты жағдайда деп танылған.
2019-2020 жылдары мектептің шатыры ауыстырылып, сырты сайдингпен қапталса да, ғимараттың іргесі сөгіліп, қабырғалары мүжіліп, кірпіштері үгітіле бастаған. Ауыл тұрғындары осы мәселені шешу үшін аудан басшылығы мен білім бөліміне жүгініп, жаңа мектеп салу қажеттігін жеткізген. Қазіргі таңда бұл мәселе оң шешімін тауып, жаңа білім ошағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жеке асханасы, кең спорт залы, мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталығы бар жаңа ғимараттың құрылысы күзге дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – дейді аудан әкімі Мейіржан Әлбеков.
Бірлік негізгі орта мектебінің директоры Ринат Нұрбек мектепте 30-ға жуық адам, соның ішінде педагогтар мен техникалық қызметкерлер жұмыс істейтінін айтты. Биыл мектеп ұжымы жаңа ғимаратқа көшеді.
Оңтүстік және батыс өңірлерден шығысқа қоныс аударған отбасылар мемлекет тарапынан қолдау көріп отыр. Өткен жылы Қызылорда мен Маңғыстау облыстарынан көшіп келген екі отбасы Бірлік ауылында тұрақтап, "Бірқабатты Шығыс" бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлерге ие болған.
Арайлым Орсаринова
Фото: Нелли Петенева