KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 4 м/с, В
524.75 540.6 5.12

Өскемендегі «Эллада» балалар клубы: пайдалы әрі қызықты

Фото: pexels.com

18.12.2024, 19:45 48 Гульжан Мусина

Өскемен қаласының Промбаза ауданында орналасқан «Эллада» балалар мен жасөспірімдер клубы 26 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл клуб Өскемен қаласының балалар мен жасөспірімдер клубтарының «Жігер» қалалық бірлестігіне кіреді. Осы уақыт ішінде клубтың жетекшісі болып педагог-ұйымдастырушы Вера Семилапова еңбек етуде, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі. 

Вера Семилапова жастық шағында геологиямен байланысты мамандықты таңдаған. Шемонаиха мектебін бітірген соң ол Семей геология-барлау техникумына түсіп, 1977 жылы оны аяқтап, мамандығы бойынша жұмысқа кіріскен. Тіпті біраз уақыт Якутияда тұрып та көрген, бірақ отбасылық жағдайларға байланысты Шығыс Қазақстанға оралған.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛЫП ЕДІ?

Бірақ сол кезде мамандығы бойынша жұмыс істей алу қиын болды. Үш баласын балабақшаға орналастыру үшін Вера Ивановна өзі сол жерге тәрбиеші болып жұмысқа тұрды. Осылайша, ол 1990-шы жылдардың екінші жартысына дейін тәрбиеші болып жұмыс істеді, бірақ балабақша жабылып, барлық қызметкерлер жұмыссыз қалды. 

Дәл осы қиын кезде Вера Семилапова бір күні аулада «Геолог» ПИК-інің төрағасы Георгий Кожевниковпен кездеседі. 

Промбаза ауданы – Өскеменнің шетінде орналасқан, тыныш, айрықша бір мекен. Қаланың негізгі бөлігінен алыста орналасқан бұл шағын аудан әрдайым өзіне тән бір атмосфераға ие болатын. Мұнда үлкен ауылдағыдай, адамдар бір-бірін жақсы біледі, дос болып кеткен. Сондықтан да ПИК төрағасы мен бұрынғы тәрбиеші аулада тоқтап, балалар мен жастардың өз бетінше қалғанын талқылай бастайды. 

Ұйымдастырылған демалыс орындарының жоқтығы шағын ауданда тыныштықтың болмауына әсер еткен еді: 1990-шы жылдардың соңында Промбазада көп балалар мен жасөспірімдер жергілікті инспекцияда тіркеуде тұрған. Осы қиын мәселені шешу үшін Георгий Кожевников Вера Ивановнаға балалар мен жасөспірімдер клубын ашуды ұсынады. 

– Георгий Агафонович клуб үшін біздің шағын аудандағы үйдің жертөлесіндегі бір бөлмесін ұсынып, құрылыс материалдарымен көмек көрсетті. Біз кітапханашы Галина Попова, педагог Надежда Зенкова және тағы басқа көптеген адамдармен бірге іске кірісіп кеттік. Қыс пен көктем бойы жертөлені жөндеп, жиһаздарды жинап, жайлы жағдай жасадық. Ал 1997 жылдың 1 маусымында, Халықаралық балаларды қорғау күні «Эллада» балалар мен жасөспірімдер клубының салтанатты ашылуы өтті. Бұл жылы біз өзіміздің 26-шы туған күнімізді атап өттік, – мақтанышпен айтады Вера Семилапова. 

Бірақ жаңа ғана ашылған клубта ештеңе де жоқ еді. Балалар өздері ойыншықтар, қарындаштар, бояулар, альбомдар әкеліп, клубта тәрбиешілердің бақылауымен суреттер салып, мүсіндер жасап, спортпен шұғылданып, үстел ойындарын ойнады. 

Клубтың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін педагогтар мемлекеттік бағдарлама бойынша грант алу үшін жоба жасады. Жеңіп алынған қаржыға балалардың қызықты әрі пайдалы бос уақытын ұйымдастыруға қажетті ең маңызды заттар сатып алынды. Ал клубтың ең басты мақтанышы – бүгінде өз қолдарымен жасалған ашық спорт алаңы. 

МЕРЕКЕ БАРШАҒА

– «Эллада» клубы жиырма бес жылдық тарихында Промбаза ауданында балалар мен жасөспірімдер ғана емес, сонымен қатар олардың ата-аналары, әжелері мен аталары да кездесіп, уақыт өткізе алатын жалғыз орын болып қала береді. Мұнда әрқайсысы үшін түрлі акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылады, – деп әңгімелейді Вера Семилапова. 

Мысалы, Жаңа жыл қарсаңында балалар әртүрлі қолөнер туындыларын жасап, оларды қуана-қуана өз шағын ауданының тұрғындарына сыйлайды. 9 мамырда міндетті түрде соғыс ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін, көрші үйлерде тұратын адамдарды құттықтайды. Сондай-ақ 8 наурыз, Наурыз және басқа да көптеген мерекелерді барша жұрт болып көңілді және жарқын атап өтеді. 

Клуб ашылғаннан кейін бірнеше жылдан соң 2000-шы жылдардың басында Өскемен қаласында балалар мен жасөспірімдер клубтарының қалалық бірлестігі құрылды, кейін бұл ұйым білім бөліміне қарасты болды. Қазіргі уақытта бұл ұйым «Өскемен қалалық балалар мен жасөспірімдер клубтарының бірлестігі «Жігер» деп аталады, ал оның басшысы қазір – Елена Деш. 

Бірлестіктің құрылуы әр түрлі аула клубтарының жұмысын реттеуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған жалпы бағдарламаны жасауға және енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ клуб басшыларын және еріктілерді педагог-ұйымдастырушылар ретінде ресми түрде жұмысқа тартуға жол ашты. Айта кету керек, «Жігер» бірлестігі құрамында Вера Семилапова педагогикалық колледжді бітіріп, қосымша білім беру педагогі дипломын алды. 

– Клуб аптасына жеті күн бойы және кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді, бұл біздің шағын ауданымыздың көптеген тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Кешкі уақытта, әсіресе демалыс күндері, балалар ата-аналарымен бірге бізге келіп, демалыс күнін көңілді әрі пайдалы өткізуге асығады, – дейді Вера Семилапова.

ЭСТАФЕТА ЖАЛҒАСУДА!

«Эллада» клубында «Барлығы туралы барлығы» білім беру жобасы аясында әр адам өзіне ұнайтын іс таба алады. Бұл жерге келген адамдарға жас немесе мамандық бойынша ешқандай шектеу жоқ. 

– Бізде ең көбә жақсы көретін іс – спорт. Клубта жаттығу залы, татами, үстел теннисі, сонымен қатар түрлі үстел ойындарының үлкен таңдауы бар. Соңғы кезде балалар қазақтың ұлттық ойындарын ойнағанды ұнатады – тоғызқұмалақ, асық ату және бестас. Біздің балалар осы ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленді, – дейді Вера Семилапова өз тәрбиеленушілері туралы. 

Үш жасқа дейінгі балалардың аналарында клубтағы ойын бөлмесі өте танымал, онда көптеген ойындар мен ойыншықтар бар. Мұнда балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, ойыншықтармен бөлісуді, дос болуды үйренеді. 

Алайда «Эллада» клубы тек спортпен ғана айналыспайды. Балалар сонымен қатар қуана-қуана мүсіндеумен, сурет салумен және қолжетімді материалдардан түрлі қолөнер туындыларын жасаумен айналысады. 

– Бізде артық материал жоқ – бәрі іске жарайды. Балалар мен жасөспірімдер, кейде олардың ата-аналары да шығармашылықпен айналысады, кейін олар көрмелерге, байқауларға және олимпиадаларға қатысып, өз жұмыстары мен туындыларын ұсынады, – дейді Вера Семилапова. 

«Эллада» клубында екі ғана педагог бар, бірақ оларды белсенді жасөспірімдер қолдап жүр. Көп жылдан бері мұнда «үлкеннен – кішіге» деген принцип жұмыс істейді. 

– Мұнда шынайы ұрпақтар сабақтастығы бар. Клубқа менің алғашқы тәрбиеленушілерімнің немерелері де келіп жүр. Сондықтан ата-аналардың бізге деген сенімі мен түсінігі бар – олар да бірнеше жыл бұрын осы жерде болған. Ата-аналар балаларын кешкі 8-ге дейін жіберуден қорықпайды, өйткені олар іс-әрекетпен айналысады, ал көшеде басы бос жүріп, сау басқа сақина іздемейді, – деп атап өтеді педагог. 

Айта кету керек, клубтың бұрынғы тәрбиеленушілері қазір ата-ана болғандар, әлі де мерекелер, концерттер мен спорттық жарыстарды ұйымдастыруда волонтер ретінде көмек көрсетеді. Олар костюмдер тігіп береді, сценарий жазуға көмектеседі, сахнаны безендіреді. 

Бірақ «Эллада» жетекшісіне осы жылдар бойы ең басты көмек көрсеткендер – Вера Семилапованың балалары. Қызы Яна би мен әртүрлі хореографиялық қойылымдардың көркемдік жетекшісі, ортаншы ұлы Максим – компьютерлер мен дыбыс аппаратурасымен жұмыс істеуде таптырмас көмекші, ал үлкен ұлы Сергей спорттық жарыстарды ұйымдастыруда қолғабыс етеді. 

Айтпақшы, эстафетаны ата-аналардан Вера Ивановнаның немерелері қабылдаған, олар қуана клубқа барып, апаларына күнделікті жұмысқа көмектесіп жүр. 

Екатерина Гуляева

Аударған – Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу