Малдың саулығы – жанның саулығы
Облыстағы мал шаруашылығының дамуы эпизоотиялық жағдайға, тұрақтылыққа тікелей байланысты. Мал дәрігерлік қызметтің сапасы ет, сүт өнімдерін экспорттаудан бастап, ұлт денсаулығына дейін әсер етеді. Сондықтан малдың саулығы – қашанда өзекті. Өңірде бұл саланың қазіргі жай-күйі қалай?
Мал дәрігерлері тапшы
Облыстың аудандарында мал дәрігерлері мамандарының тапшылығы әлі де байқалуда. Қазіргі күні өңірге жалпы саны 50-60 мал дәрігері қажет болып отыр. Сала мамандарының пікірінше, ветеринарлық қызметтің жұмысына тұсау болып келе жатқан жайттың бастысы мамандардың, білікті кадрлардың аздығы. Ең алдымен осы саладағы мамандардың жалақысын арттыру керек, сонда мал дәрігерлерінің мәртебесі өзінен-өзі көтеріледі.
Аудандардағы ветеринар мамандардың астында қызметтік көліктері де жоқтың қасында. Былтыр, алдыңғы жылы төрт-бес көлік сатып алынғанымен бүгінде облыстағы ветеринарлық пункттерге 99 көлік қажет болып отыр.
Қазіргі күні облыстың ветеринарлық қызметінің балансында 140 жеңіл автомашина (Нива, Sang Yong, (пикап), Комаровтың дезинфекциялық қондырғылары (ДУК) базасындағы 14 машина, ауру малды тасымалдауға арналған 12 автомашина (мал тасушылар) бар көрінеді. Автомобиль базасында жануарлардың мәйіттерін жағуға арналған (инсинираторлар) 11 бірлік пеш бар. Қолдағы барлық автокөлік 2010 жылдан 2012 жылға дейін сатып алынған техникалар, автопарктің тозуы 80 пайызды құрайды. Сол себепті ескі автопаркті толықтай жаңарту да күн тәртібінде тұрған мәселе.
Ветеринарлық қызметтің негізгі міндетінің бірі – жұқпалы аурулар бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу, облыс аумағын ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының әкелінуінен қорғау. 2024 жылға облыстың ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2,163 миллиард теңге, оның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шараларға 1,6 млрд.теңге қаржы жұмсау қарастырылып, игерілуде.
Ветеринариялық іс-шараларды шаруашылық жүргізу құқығындағы 99 ветеринариялық пункті бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қамтамасыз етіп жатса, олардағы жалпы штат саны 556 адамды құрайды.
Ауру ошағы залалсыздандырылып жатыр
Облыста бруцеллез жұқпалы ауруымен ауырған мал саны салыстырмалы түрде азайып келеді. Жұқпалы ауру өткен бес жылмен салыстырғанда айтарлықтай кеміген. Дегенмен, биыл – өңірде бруцеллез бойынша үш ошақ анықталып отыр.
Бруцеллез ауруы Глубокое, Зайсан, Күршім аудандарының мал шаруашылықтарындағы ірі қара малдарынан анықталған. Глубокое мен Зайсан ауданында ауру ошақтары залаласыздандырылған. Ал Күршім ауданының Абай ауылдық округінен (Теректібұлақ ауылы) анықталған (ірі қара малы) ауру ошағын сауықтыру жұмыстары әлі жүргізілуде.
Жыл басынан бері облыста жылқы мен ірі қара малдары арасында аса қауіпті құтырық ауруының эпизоотиялық қолайсыз төрт ошағы тіркелген. Алтай, Үлкен-Нарын аудандарында тіркелген құтырық ауруының ошақтары сауықтырылған. Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында тіркелген эмкар ауруының ошағы сауықтырылуда.
Рамиль Сағандықовтың айтқанындай, аймақта ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер бекітілген жоспарға сәйкес уақытылы жүргізілуде.
Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең маңызды шарттарының бірі – малды тек арнайы алаңдарда сою. Облыс бойынша мал сою нысандарына деген қажеттілік 141 бірлікті құрайды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сату үшін, инфекция жұқтыру қаупін жою үшін мал сою арнайы пункттерде, олар болмаған кезде сою алаңдарында жүргізілуі қажет. Сою объектілері әрбір елді мекенде болуы тиіс. Бүгінгі таңда облыс бойынша 109 қалалық, кенттік, ауылдық округтерде орналасқан 363 елді мекенде барлығы 65 сою нысаны тіркелген, оның ішінде 19 сою пункті, 46 сою алаңы. «Ветеринария туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңдарына сәйкес сою объектілерінің құрылысын ұйымдастыру мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кірмейді, бизнестің құзыретінде. Сонымен қатар, ауру жануарларды санитарлық союды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.
Көне компьютер және қағазбастылық
Ұлттың денсаулығы 60-80 пайызға тамақтану мен салауатты өмір салтына байланысты екені мәлім. Ветеринарлық қызмет мамандары халық тұтынатын азық-түлікке бақылауды үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Шығыс Қазақстан облысы бойынша эпизоотиялық жағдай қолайлы және ветеринарлық қызметтің тұрақты бақылауында болғанымен, аймақта ветеринарлық-санитарлық, профилактикалық және диагностикалық шаралардың жағдайына кері әсерін тигізіп отырған мәселелер аз емес.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов өңірде ветеринарлық қызмет көрсетуге арналған арнайы ғимараттардың (пункт, бекет) жетіспеушілігін де атап өтті. Осы мәселелердің барлығы малды сәйкестендіру жағдайына, екпе егу шараларын өткізуге, мал ауруының алдын алуға кері әсер етіп келеді. Аталған мәселелерді шешу үшін саланы қаржыландыру тетіктерін жетілдіру қажет.
Ветеринария туралы Заңға сәйкес аудандар мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің құзыретіне облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету кіреді.
Бүгінде облыстың 99 ветеринарлық пунктінің алтауы тұрғындарға үйден қызмет көрсетеді. Қалған 93-тің ішінде КМК меншігінде 36 үй-жай бар, қалалар мен аудандар әкімдері аппараттарының ғимараттарында 35 ветеринариялық пункт, жалға берілетін үй-жайларда 12 ветеринариялық пункт, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 10 пункт қызмет көрсетуде. Облыста ветеринариялық пункттерге деген қажеттілік 60 бірлікті құрап отыр.
Малдарды есепке алу, ветеринарлық құжаттамаларды жүргізудің бүкіл жүйесін цифрлық форматқа көшіру осы саладағы қызмет сапасын арттыру үшін аса өзекті. Бүгінгі күні ветеринарлық қызмет өз жұмысында, атап айтқанда, мемлекеттік қызметтер көрсету үшін АШЖ ББ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасы), ЕАСУ сияқты ақпараттық жүйелерді пайдаланады, tort tulik қосымшасы, АШЖ ББ мобильді қосымшасы бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол үшін тиісті компьютерлік жабдық және интернет байланысының болуы қажет. Қазіргі уақытта ветеринарға арналған «VET-MOBILE» мобильді қосымшасы іске қосылуда, ол құжат айналымын электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта 2023 жылы ветеринарлық пункттерге АШЖ ББ базасында жұмыс істеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етумен 108 планшет сатып алынып, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде «VetLab» модулі (жануарларды диагностикалық зерттеу) енгізілген.
Өңірдегі ветеринариялық пункттер ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз етілгенімен, көбі ескі. Осыдан он жыл бұрын, 2014 жылдан бастап сатып алынған 201 компьютердің 118-і ауыстыруды қажет етеді екен.
Ескі бола ма, жаңа бола ма, ол компьютерлердің жұмысы интернетке байланысты. 99 ветеринарлық пункттің 76-сы интернетпен қамтамасыз етілгенімен, 41 пунктте интернет байланысы өте әлсіз, 21 ветеринариялық пунктте интернет байланысы мүлде жоқ көрінеді. Сол себепті көптеген мал дәрігерлері әлі күнге дейін қағазбастылықтан арыла алмай жүр.
Рас, қазіргі күні аймақта мал індеттері, малдың жұқпалы аурулары азайды. Алайда, бір кездері мал індетінің кесірінен қаншама ағайынның қорасы босап, талай шаруашылықтың иесі шырылдап қалғаны белгілі. Ветеринарлық қызмет ауылдағылардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін сала болғандықтан малға қарайтын мамандарды тауып, оларға жағдай жасап, бұл қызметті жаңа деңгейге көтеру өткір мәселе күйінде қалып отыр.
Жанаргүл Көкенайқызы