ШҚО-дағы «Үбі» шипажайы: жанға – сая, тәнге – дауа
Фото: ekonomstrojdom.ru
Еліміздегі көпшілік шипажайлардан ерекшелігі «Үбі» шипажайында егде жастағы адамдар мүлдем тегін демалады. Олар денсаулықтарын нығайтып, күш-қуат жинап, ұзақ уақытқа ұмытылмас жағымды әсер алады, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан «Үбі» шипажайындағы демалыс туралы Өскемен қаласының тұрғыны Рақия Уәлханова өз әсерімен бөлісті.
Әлеуметтік мекеме өзіндік ерекшелігі бар Выдриха атты ауылда орналасқан. Бұл жердің ерекше табиғаты жазда да, қыста да көз тартады. Шипажайға саяхат жасау, әсіресе Шығыс Қазақстан облысының алыс, шөлейтті аймақтарында тұратын адамдар үшін үлкен оқиғаға айналады. Демалыс орны жақын жерде орналасқандықтан, алыс сапарға шығудың, көп шығын жұмсаудың қажеті жоқ.
Кейде ұзақ жол, күрделі логистика, климаттың ауысуы адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, демалыстан күтілетін оң нәтижені жоққа шығарады. Ал мұнда жылдың кез келген уақытында баруға болады, әрі жолға кететін уақыт үнемделеді.
Шипажайдың 130 қызметкері демалушылардың уақытын денсаулыққа пайдалы өткізуі үшін барлық жағдайды жасайды.
Рақия ханым кәсіпорынның дәрігерлері мен қызметкерлеріне, соның ішінде терапевт-дәрігер Наталья Толмачёваға, физиотерапевт-дәрігер Михаил Жмайловқа, дәрігер Жасұлан Тілеубердинге, физиокабинет медбикесі Елена Блищке, массаж жасаушы Наталья Маткеневаға, балшықпен емдеу және галотерапия мамандары Оксана Шарова мен Светлана Кнаусқа алғысын жеткізді.
Шипажайдағы демалыс 14 күнге есептелгенімен, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласың, себебі мұнда мәдени-танымдық шаралар өте ауқымды түрде ұйымдастырылған. Мәдени-көңіл көтеру бағдарламаларының тұрақты жүргізушілері Татьяна Кудрявцева мен Елена Чащина түрлі жас, талғам және қызығушылықтағы демалушылардың ішін пыстырмайды. Мысалы, мұнда атаулы даталарға арналған концерттік бағдарламалар жиі өткізіледі, ал шипажай кітапханашысы Наталья Виноградова өзінің шебер ұйымдастыру қабілетімен дөңгелек үстелдер мен пікірталастарды үнемі ұйымдастырып отырады.
Айтпақшы, Анатолий Иванов шығармаларындағы кейіпкерлердің құрметіне Шемонаихаға кіреберісте, халық арасында «Марья жартасы» аталып кеткен тауда, ескерткіш композиция орнатылған. Бұл – Шемонаиха ауданы мен облыс тұрғындары үшін ерекше маңызға ие сүйікті орындардың бірі. Мұнда жазушының еңбегіне деген құрметті көрсетіп, келген қонақтарды міндетті түрде алып келеді.
Үбі шипажайының демалушылары – зейнеткерлер, еңбек ардагерлері, түрлі сала қызметкерлері мен әлеуметтік-мәдени орта өкілдері – облыс басшылығына, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарына алғыс айтуда.
Тайыр Сапарғалиев
Фото редакция мұрағатынан алынды