KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Қатерлі дерт: ШҚО дәрігерлері тегін тексерілуге шақырады

Фото: Шығыс ақпарат

18.01.2024, 19:33 158 Айна Ескенқызы

Жыл сайын  елімізде жатыр мойны қатерлі ісігі және оның алдын алу туралы халықаралық хабардар ету  апталығы өтеді. Осы шараның аясында ұйымдастырылатын скринингтік тексерулер өте маңызды.

 

Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылы анықталған жатыр мойны қатерлі ісігінің 90 пайызға жуығы осы скрининг бағдарламасының арқасында  ерте анықталды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Елімізде жатыр мойны обыры әйелдерде анықталған онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында. Қазақстанда  жыл сайын 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, олардың негізгі бөлігі 40-50 жас аралығындағы пациенттер.

 

- Қыз-келіншектерде жатыр мойнының жаман ауруын ерте анықтаудың бірнеше жолы бар. Алдымен  емханаларда қарау кабинеттері жұмыс істейді. Қазір облыс бойынша 107 кабинет жұмыс істеп тұр. Бұл бөлмелерде әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да  тік ішектің, қалқанша бездің қатерлі ісігіне тексереді. Мамандар дерттің көзге көрініп тұрған, қолмен ұстауға болатын белгілерін осы тексеру кабинеттерінде-ақ анықтап, ары қарай арнайы мамандарға жібереді. Одан кейін скринингтік тексерулер бар.  Әйелдерге төрт жылда бір рет цистологиялық зерттеу жүргізіледі, - деді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сагидуллина. 
 


Бас дәрігердің айтуынша, 2023 жылы «Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, бекітілді. Ол жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға және қауіп факторларын болдырмауға бағытталған шараларды қамтиды.

 

- Тағы бір ескертетін нәрсе, ауруды ерте сатысында анықтағанда әйелдердің маңызды органдарын сақтап қалуға, лапараскопиялық оталар жасауға мүмкіндік жоғары. Бүгінгі таңда жаңа технологиялар шығып жатыр. Оларды қолдану үшін обырдың неғұрлым ерте анықталуы маңызды. Қатерлі ісік ол қатал үкім емес! Тек дер кезінде дәрігерге қаралып, барлық тегін скринингтік тексерулерден өтіп тұрса болғаны. Сол себепті пациенттер өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарағаны абзал, - деп қосты Гүлмира Сагидуллина.

 

Бүгінгі таңда жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың негізгі шарасы -  адам папилломавирусына қарсы вакцина салдыру.

 

Қазақстан ДДҰ-ның жатыр мойнын қатерлі ісігін жою жөніндегі жаһандық стратегиясына қосылды, оның мақсаты -  100 мың әйелге шаққанда 4 жағдайдан аз аурушаңдық деңгейіне қол жеткізу. Қазір бұл көрсеткіш бес еседей көп. Елімізде 11 жастағы қыздар вакцинаны 2024 жылдың қыркүйегінен бастап тегін ала алады.

 

Онкологиялық дәрігерлер әрдайым қатерлі ісіктің алдын алу және ерте анықтау қажеттілігі туралы айтады, сондықтан Қазақстанда скринингтік бағдарламаларға көп көңіл бөлінеді. МӘМС қатысушылары үшін скринингтер мүлдем тегін және тұрғылықты жері бойынша емханаларда өткізіледі.

 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, халықаралық жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу және хабардар ету апталығы аясында 27 қаңтарда ШҚО онкология және хирургия көпсалалы орталығының дәрігерлері, сондай-ақ барлық МСАК ашық есік күнін өткізеді. Осы күні таңертеңгі саға  9.00 - ден түскі 13.00-ге дейін кез келген адам учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз онкогинеколог дәрігердің кеңесін ала алады. Тексеруден өту үшін жеке куәлік ғана қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу