Жатыр мойны обыры - алдын алуға болатын жалғыз онкопатология
allegris-med.ru
Осы күзде Қазақстан мектептерінде 11 жастағы қыздарға адам папилломавирусына қарсы екпе салу басталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ғалымдардың сөзіне қарағанда, адам папилломавирусының онкогендік штамдары әйелдердегі ауыр сырқаттың - жатыр мойны обырының дамуына себеп болады.
Жыл сайын елде жатыр мойны қатерлі ісігінің 2000-нан астам жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Шығыс Қазақстанда осы жылдың сегіз айында 42 жаңа жағдай анықталды, ең жас пациент 29 жастағы әйел.
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының маммология және онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Серік Мұхамеджановтың айтуынша, көп жағдайда осы аурумен ауыратын науқастардың денесінде адам папилломавирусының онкогендік штамдары 16-18 жастарында кездеседі. Бұл штаммдардың онкопатологияны тудыратыны ғылыми түрде дәлелденген. Вакцина вирустың онкогендік штамдарынан қорғайды, сондықтан бүкіл әлемде жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі болып саналады. Онкологтар вакцинаны енгізу арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкопатология ол – жатыр мойны обыры екенін үнемі айтып келеді.
- Вакцинаны жыныстық белсенділік басталғанға дейін, яғни адам папилломавирусы ағзаға енгенге дейін алу маңызды. Сондықтан Қазақстанда вакцинация ата-анасының келісімімен 11 жастағы қыздарға жүргізілетін болады. Вакциналар Дүниежүзілік денсаулық ұйымымында мақұлданған және Еуропа, АҚШ және Австралия елдерінде сәтті қолданылады, - деді Серік Мұхамеджанов.
Дәрігерлер сонымен қатар халықты скринингтерге белсенді қатысуға шақырады. Қазақстанда жатыр мойны обырын ерте диагностикалау мақсатында онкоскрининг өткізіледі. Скрининг аясында 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет онкоцитологияға жағынды тапсырады. Бұл зерттеу жатыр мойнының қалыптан тыс жасушаларын анықтауға мүмкіндік береді. Онкоскрининг обыр ауруын ғана емес, сонымен қатар обыр алды ауруларды да анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, осы жылдың сегіз айында Шығыс Қазақстан облысында 28 мыңнан астам әйел жатыр мойны обырына скринингтен өтті. Зерттеулер барысында дәрігерлер жатыр мойны обырының бес жағдайын және обыр алды 257 ауруды анықтады.
Айна Ескенқызы