KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Онкология және хирургия көпсалалы орталығы ашық есік күнін өткізеді - ШҚО

19.01.2024, 09:00 136 Айна Ескенқызы

Жыл сайын елімізде жатыр мойны қатерлі ісігі және оның алдын алу туралы халықаралық хабардар ету апталығы өтеді.

Осы шараның аясында ұйымдастырылатын скринингтік тексерулер өте маңызды. ШҚО-да 2023 жылы анықталған жатыр мойны қатерлі ісігінің 90 пайызға жуығы осы скрининг бағдарламасының арқасында ерте анықталды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Елімізде жатыр мойны обыры әйелдерде анықталған онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Қазақстанда жыл сайын 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, олардың негізгі бөлігі – 40-50 жас аралығындағы пациенттер. Яғни, әлеуметтік белсенді әйелдер.

 

– Қыз-келіншектерде жатыр мойнының жаман ауруын ерте анықтаудың бірнеше жолы бар. Алдымен емханаларда тексеру кабинеттері жұмыс істейді. Облыс бойынша 107 кабинет жұмыс істеп тұр. Бұл бөлмелерде тек әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да тік ішектің, қалқанша бездің жаман ауруларына тексереді. Мамандар дерттің көзге көрініп тұрған, қолмен ұстауға болатын белгілерін осы тексеру кабинеттерінде-ақ анықтап, ары қарай арнайы мамандарға жібереді. Одан кейін скринингтік тексерулер бар.  Әйелдерге төрт жылда бір рет цистологиялық зерттеу жүргізіледі, – деді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина. 

 

Бас дәрігердің айтуынша, 2023 жылы Қазақстан Республикасында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Ол жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға және қауіп факторларын болдырмауға бағытталған шараларды қамтиды.

 

– Тағы бір ескертетін нәрсе, ауруды ерте сатысында анықтағанда әйел адамдардың маңызды органдарын сақтап қалуға, лапараскопиялық оталар жасауға мүмкіндік жоғары. Бүгінгі таңда жаңа технологияларды қолдану үшін обырдың неғұрлым ерте анықталуы маңызды. Қатерлі ісік – қатал үкім емес! Тек дер кезінде дәрігерге қаралып, барлық тегін скринингтік тексерулерден өтіп тұрса болғаны, – деп қосты Гүлмира Сағидуллина.

 

Бүгінгі таңда жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың негізгі шарасы адам папилломавирусына қарсы вакцинация болып саналады.

 

Қазақстан ДДҰ-ның жатыр мойнын қатерлі ісігін жою жөніндегі жаһандық стратегиясына қосылды, оның мақсаты – 100 мың әйелге шаққанда 4 жағдайдан аз аурушаңдық деңгейіне қол жеткізу. Қазір бұл көрсеткіш бес есеге жуық асып түсті. 11 жастағы қыздар вакцинаны 2024 жылдың қыркүйегінен бастап тегін ала алады.

Онкологиялық дәрігерлер әрдайым қатерлі ісіктің алдын алу және ерте анықтау қажеттілігі туралы айтады, сондықтан Қазақстанда скринингтік бағдарламаларға көп көңіл бөлінеді. МӘМС қатысушылары үшін скринингтер мүлдем тегін және тұрғылықты жері бойынша емханаларда өткізіледі.

 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, халықаралық жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу және хабардар ету апталығы аясында 27 қаңтарда ШҚО онкология және хирургия көпсалалы орталығының дәрігерлері, сондай-ақ барлық МСАК ашық есік күнін өткізеді. Сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін кез келген пациент учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз онкогинеколог-дәрігердің кеңесін ала алады. Тексеруден өту үшін тек жеке куәлік қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу