KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Еліміздегі қазынашылық жүйесінің даму жолы

Фото: pexels.com

1.12.2015, 19:00 2 Гульжан Мусина

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа жүйесін құру қажеттілігі туындады. 1991 жылдан бастап еліміз қаржы саласын жетілдіру жолында әлемдік тәжірибені зерттеп, қазынашылық жүйесін енгізуге бағыт алды. Бұл қаржы саласының дамуының жаңа кезеңіне негіз болды.

1994 жылдың қаңтарында Қазақстанда Қазынашылық комитетінің құрылуы елдің қаржылық басқару жүйесінің маңызды кезеңі болды. Бұл қадам мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану, қаржылық операцияларды бақылау және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бюджеттік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жасалды.

Алғашқы жылдары Қазынашылық комитеті жаңа технологиялар мен басқару әдістерін енгізіп, қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық берді. Сол кезде енгізілген ең ірі жаңашылдықтардың бірі – бухгалтерлік автоматтандырылған қазынашылық жүйесі.

Бұл жүйе қаржылық деректерді есепке алу, бақылау және талдау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қаржының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етті.

Келесі кезең 2003 жылы Oracle технологиясы негізінде әзірленген бағдарламаға көшу болды, бұл бюджеттік операцияларды есепке алу және бақылау процестерін едәуір жақсартуға мүмкіндік беріп, қаржылық құжаттарды беру процесін жеделдетті.

2008 жылдан бастап Қазақстанның қазынашылық жүйесі әлемде бірінші болып Oracle Applications R12 бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңа нұсқасына көшті. Бұл төлемдерді автоматтандыруға және адам факторын төмендетуге мүмкіндік берді.

Қазынашылық жүйесі өзінің даму жолын жалғастыра отырып, ішкі процестерді жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар қаржылық басқару саласындағы әлемдік озық стандарттарды енгізуге де ұмтылады. Бұл ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ете отырып, мемлекеттік органдар қызметіндегі қаржылық тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге көмектеседі.

Бүгінде қазынашылық органдары «Қазынашылық-Клиент» электронды құжат айналымының ақпараттық жүйесін пайдаланады. Бұл бюджеттің орындалу сапасын арттыруға, қызмет көрсету уақытын, операциялық және көлік шығындарын қысқартуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлері төлем операцияларын мекемеден шықпай-ақ қазынашылық органдары арқылы онлайн режимінде жүргізе алады.

Қазынашылық комитеті PEMPAL – мемлекеттік шығыстарды басқару саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуға және оқытуға арналған халықаралық желінің белсенді мүшесі. Аталған қоғамдастыққа қатысу Қазынашылық комитетіне Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі сарапшылардың озық тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік береді.

Осы мүшелік арқылы Қазынашылық комитетінің қызметкерлері өздерінің кәсіби дағдыларын белсенді түрде жетілдіріп, мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы жоғары стандарттарды қолдайды.

Жалпы департаменттің қызметі бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға және жергілікті деңгейде қаржыны басқаруда ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Департаменттің спорттық және қайырымдылық бастамаларын қолдаудағы рөлін ерекше атап өткен жөн. Департамент салауатты өмір салтын және халықтың белсенді демалысын насихаттай отырып, спорттық іс-шаралар мен спортты дамыту бағдарламаларын белсенді қолдайды.

Сонымен қатар департамент өңірдің мұқтаж азаматтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық іс-шаралары мен бағдарламаларына белсенді қатысатындығын атап өткен жөн.

Қазынашылық саласы қоғамдық секторды әлеуметтік қолдау мен дамытуға ықпал ете отырып әртүрлі қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруда қаржылық қолдау мен ұйымдастырушылық көмек көрсетіп келеді.

Еліміздегі қазынашылық саласының дамуы жайлы айтқанда Қазынашылық комитеті мен Шығыс Қазақстан облысының қазынашылық департаменті ардагерлерінің еңбегін, қосқан үлесін ерекше мақтанышпен атап өткен жөн.

Қазынашылық органдарын құрудың бастауында тұрған және елдің қаржы жүйесін дамытуға баға жетпес үлес қосқан Қазынашылық комитетінің бірінші басшылары: М.Ауанов, С.Мыңбаев, В.Малышева, В.Саткалиева, Д.Шаженова, А.Түсіпбеков, К.Досмұхаметовтарды атап өткен жөн.

Жаңа саланы аяқтан тік тұрғызу оңай емес әрі өте жауапты іс, сондықтан департаменттің бірінші басшылары А.Юркин, Р.Мұқатов, И.Нұрпейісов, сондай-ақ олардың ісін абыроймен жалғастырған М.Төлегенұлы қатарлы азаматтарды әріптестері ешқашан ұмытпайды әрі еңбектерін жоғары бағалайды.

Бүгінде зейнеткерлікке шыққан облыстың қазынашылық саласының ардагерлері Л.Суспицын, Б.Сапарғалиев, О.Проничкин, А.Ластаев, З.Қайырбаев, Л.Қалиев, В.Чирков, Д.Таймаев, А.Намазбаев, З.Поваренко, Л.Хайруллин және тағы да басқалардың еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Олардың құнды тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі қаржы органдарының дамуы мен тиімді жұмыс істеуіне зор ықпал етті. Ардагерлеріміз әлі де қаржы саласындағы жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуде сенімді тірек болып, мол тәжірибесі мен білімі арқылы жас мамандарға қолдау көрсетіп келеді. Олардың қаржылық тұрақтылық пен қоғамның дамуын қамтамасыз етуге қосқан үлесі ерекше құрметке лайық.

Қазақстанның қазынашылық жүйесі тәуелсіздік жылдарынан бері елеулі өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткізді. Қаржыны басқарудағы заманауи технологиялар мен ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Болашақта да қазынашылық жүйесі әлемдік стандарттарға сәйкес дамып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегиялық міндеттерді орындауды жалғастыра береді. Бұл саладағы тәжірибелі ардагерлер мен жас мамандардың бірлескен еңбегі мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін одан әрі нығайта түсетіні анық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу