Мұз кептелісімен күрес: ШҚО-да дрон қолдану мүмкіндігі қарастырылуда
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде Пропорщиково ауылы маңындағы 500 метрлік жаңа дамбыны нығайту және өзен арнасын тазарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Ермак Салимов мұз кептелістерін жою үшін дрондарды пайдалану ұсынысын білдірді. Оған аймақ басшысы бұл ұсыныстың қарастырылатынын жеткізді. Жаңа технологияны енгізу тасқынмен күрестің тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік бермек.
Көктемгі су тасқыны – өзен маңындағы елді мекендер үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Су деңгейінің көтерілуі мен мұз кептелістерінің пайда болуы елді мекендерге үлкен қауіп төндіреді. Биыл Глубокое ауданы Прпорщиково ауылы маңында 500 метрлік жаңа дамбы нығайтылды.
Дамбыны нығайту жұмыстары барысында негізінен бетон конструкциялары төселді, олар толқын соққысын бәсеңдетіп, дамбының бұзылуына жол бермейді. Оның деңгейі көктемгі тасқын кезіндегі ең жоғарғы су деңгейінен 50 сантиметрге көтерілді.
Сонымен қатар өзен арнасын тазарту туралы шешім қабылданды. Бұрын бұл жерде су ағысын өзгертетін құмды аралдар қалыптасатын. Қазір су ағысы жағалау бойындағы ескі арнаға бағытталуда. Барлық жұмыстар тиісті ұйымдармен келісіліп, Санкт-Петербург институтының гидрологтарымен жүргізілген зерттеулерге негізделді.
Жоба өзен суының деңгейін реттеу мақсатында «екі шпор» (судың жағаға жайылуына тосқауыл болатын тірек) орнатуды қарастырады. Бұл су деңгейінің төмендеуіне жол бермей, кеме қатынасының тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Мұнда тереңдік 12 метрге дейін жететіндіктен, дамбыны қосымша нығайтуға шешім қабылданып отыр.
Биылғы жарылыс жұмыстарына қатысты жағдай әлі белгісіз. Мұздың құрылымы мен қалыңдығына жүргізілген талдау өткен жылдардағыдай көп мөлшерде жарылғыш зат қажет болмауы мүмкін екенін көрсетті. Алдын ала зерттеулер барысында ықтимал мұз кептелістері орын алатын аймақтарда арнайы ұңғымалар бұрғыланып, деректер талданып жатыр.
Айта кетейік, дронның құны 32 миллион теңгені құрайды. Егер жақын арада шешім қабылданса, оны сатып алып, мұз жару басталғанға дейін сынақтан өткізуге болады. Мердігерлерге осы нұсқаны зерттеу тапсырылды. Бұл тікұшақтарға тәуелділікті төмендетіп, профилактикалық жарылыстарға жұмсалатын шығындарды азайтуға көмектеседі. Өткен жылы мұндай жұмыстарға 376 миллион теңге жұмсалған.
Қосымша шешімдер техникалық сипаттамалар нақтыланғаннан кейін және қаржыландыру көзі анықталған соң қабылданады. Ең бастысы – мұз жару басталғанға дейін шешім қабылдауға үлгеру, өйткені жағдай болжап болмайтын сипатқа ие болуы мүмкін. Температураның өзгеруі мұз астында көзге көрінбейтін кептелістердің пайда болуына әкелуі ықтимал.
Ұсынылған шараларды іске асыру жағдайды бақылауды күшейтуге және бұзылу мен су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Су тасқынына қарсы күреске бағытталған бұл жобалар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Ажар Мұратқызы
Фото: Нелли Петенева
Видео: Данияр Сагидолдин