ШҚО: Тыңғылықты дайындық тасқын қаупін төмендетті
Еліміздің экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Шемонаиха ауданының орталығындағы және Выдриха, Верх-Уба ауылдарындағы су тасқыны жағдайымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Григорий Акулов 6,1 мың текше метр қар шығарылғанын, арықтар, су өткізу құбырлары, көпірлер тазартылғанын хабарлады. Мамандар су айдындарына тәулік бойы мониторинг жүргізуде. Бүгінгі таңда ауданда жағдай тұрақты. Алайда синоптиктер алдағы күндерге болжап отырған мол жауын-шашынның жаууы, ауа температурасының жоғарылауы өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне себеп болуы мүмкін.
Выдриха және Верх-Уба ауылдарымен ағып жатқан Үбі өзені бұрынғы жылдары бірнеше рет қатты тасыған. Сондықтан алдын алу шаралары, жағалауларды нығайту, басқа да тасқынға қарсы шаралар ерекше маңызды. Мұндай дайындық көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға көмектеседі.
Демалыс күндері экология министрі ауданға қайта барып, жағалауды нығайту жұмыстарының барысымен танысуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Ерлан Нысанбаев Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы атқарылған іс-шараларға оң баға берді.
– Су тасқынының ең қатерлі кезеңі 18-19 сәуірде болады деп болжануда. Біз мол суды қарсы алуға дайын болуымыз керек, – деп атап өтті министр. – Жалпы, Өскеменде ауқымды жұмыс жүргізілді, бөгеттер салынып, жағалаулар нығайтылды. Менің ойымша, бұл жерде үлкен қауіп жоқ. Аудандар бойынша да қорғаныш құрылыстарын көріп отырмыз, бірақ қосымша шаралар қажет. Бүгінде облыс әкімдігі облыстағы ТЖМ бөлімшелерімен осы бағытта жұмыс істеп жатыр.