KZ
Өскемен
-16°
пасмурно Штиль
496.71 531.33 5.55

ШҚО: Сотталған жігіттің анасы Өскеменде жастарға жанайқайын жеткізді (видео)

Кеше, 13:00 203 Жанаргүл Көкенайқызы

Өскеменде есірткімен күрес тақырыбы аясында өткен шарада жергілікті ана студенттер алдында сөз сөйлеп, есірткі тасымалдаумен айналысып, 10 жылға сотталған ұлының қателігін қайталамауды өтінді, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Қазақстан-Американдық еркін университетінде студенттермен өткен «Есірткіге тәуелділік және наркобизнес: әлеуметтік қауіптер, салдары және қарсы іс-қимыл шаралары» тақырыбындағы семинар-тренингке облыстық прокуратураның аға прокуроры Қайырбек Хайдаров, облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы Сәуле Нұрбаева және «Антарес» қоғамдық қорының психологтары қатысты. Олар есірткіге тәуелділік пен оның салдары, есірткі бизнесіне қарсы күрес шаралары туралы айтып, жастарды нашақорлықтан сақтануға шақырды.

Құзырлы органдардың мәліметінше, облыста есірткі таратушылар бірінен соң бірі ұсталып, аса ірі көлемдегі есірткі заттары тәркіленіп, зертханалардың көзі жойылғанымен, синтетикалық есірткі бизнесі тоқтар емес. Сондықтан қоғам, құқық қорғау органдары және жастар бірігіп, есірткі саудасының алдын алу мен оның себебімен күрес шараларын күшейтуді қолға алуы өзекті қажеттілік болып отыр.

Семинар барысында есірткі бизнесіне қатысты статистикалық деректер келтіріліп, елде жүргізіліп жатқан нашақорлықпен күрес жобалары таныстырылды. Сондай-ақ жиналған қауымға есірткі саудасымен айналысып, сотталғандардың өкініші мен олардың отбасыларының ауыр тағдыры туралы бейнероликтер көрсетілді.

Психологтар мен наркологтар арзан әрі қолжетімді синтетикалық есірткі түрлерінің бір рет қолданудан-ақ тәуелділік тудыратынын және оның салдары ауыр болатынын айтып, дабыл қақты.

Жасым 26-да. 10 жылға сотталдым. Осындай жағдайға түсемін, дәл менің басымнан өтеді деп ойламаппын. Мұнда ойланбастан опық жеген мен сияқты жас жігіттер өте көп отыр. Өзімнен бұрын әке-шешемді, қарындасымды ойлаймын. Сот үстінде 13 жастағы қарындасым шырылдап, қатты жылады, – деген 26 жастағы Асхат жастарды «жеңіл жолмен ақша табасың» деген ешқандай сөзге сенбеуге және қоғамға пайдалы азамат болып өсуге шақырды.

Іс-шара барысында сотталғандардың бірінің анасы студенттерге өз оқиғасын баяндады. Университетті бітіруіне небәрі бір жыл қалған жалғыз ұлы жеңіл ақша табамын деп, қайғылы жағдайға тап болған. Есірткі түйіншектерін «жай ғана қойып кетемін» деп ойлаған студент ақыры темір торға тоғытылған.

Жалынамын, жоламаңдаршы. Есірткіні пайдаланбаңдар, таратпаңдар, есірткі атаулыдан аулақ болыңдар. Ұлымның оқуын аяқтауына бір-ақ жыл қалған еді. Өзі армандағандай, құтқарушы маман болып шығуы керек болатын. Бірақ бүгін бәрі кеш, бәрі зая... Баласы үшін «аһ» ұрған соңғы ана мен болайыншы, өтінемін… – деп көзіне жас алған ана жастарға жанайқайын жеткізді.

Фото: Нелли Петенева

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу