Өскемендегі бас киіз үйде Көрісу күні – Амал мерекесі аталып өтті (видео)
Бүгін – ағайын-туыс, ел-жұрт амандық-саулық сұрасып, көрісетін күн. «Көп аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп, қар көбесі сөгіліп, күн шуағы төгілген шақта байтақ қазақ даласында «Көрісу – Амал» мерекесі басталды.
Өскемендегі Республика алаңына тігілген бас киіз үйде ата-бабадан келе жатқан көне дәстүрге сай өскемендіктер мен қала қонақтары, үлкендер мен жастар Көрісу күні – Амал мерекесіне жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекеде жұрт емен-жарқын жүзбен қауышып, қол алысып, бір-біріне жақсы тілектерін арнады. Әсіресе жасы үлкендерге құрмет көрсетіліп, олар ақ батасын берді. Ақ киіз үйдің төріне жайғасқан ақсақалдар ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.
Жүрекжарды тілектер айтылған мереке Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара барысында халқымыздың ғана емес, өзге ұлттардың да ән-жыры шырқалып, ұлттық салт-дәстүр мен өнер дәріптелді.
Амал мерекесі ертеден тойланғанымен, Кеңес дәуірінде 70 жылға жуық уақыт ұмыт қалды. Қазақстан егемендік алғалы бұл дәстүр қайта жаңғырып, жыл сайын кеңінен аталып өтуде. Әсіресе, бұл мерекені Батыс Қазақстан өңірі жақсы сақтап қалған.
«Шығыс Қазақстанның рухани ханымдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мараш Матиева Наурыз бен Амал мерекесінің қазақ ұлтына ғана емес, өңірдегі шешен-ингуш, неміс, татар-башқұрт және басқа да этностарды ортақ рухани құндылықтармен байланыстыратынын атап өтті.
Оның айтуынша, бұл күні ағайын-туыс бұрынғы өкпе-назын ұмытып, араздықты жойып, бір-бірімен татуласады. Көшпелі халық үшін қыстан аман шығу оңай болмаған, сондықтан Наурыз қарсаңында бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіру ежелден қалыптасқан дәстүр.
Көрісу күні – елді береке мен бірлікке бастайтын мереке.
Фото/видео: Ермек Жиенбеков