Алтай ауданында «Көрісу» күні аталып өтті
Алтай ауданында көктемнің келуін білдіретін «Көрісу» күні кеңінен атап өтілді. Бұл мереке адамдардың бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, бұрынғы реніштерін ұмытып, қол алысып көрісетін күн ретінде танымал, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараға қатысушыларды Тілдерді оқыту орталығы біріктірді. Мамандар Амал мерекесінің шығу тарихы туралы әңгіме өткізіп, оның маңызын түсіндірді. Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова «Көрісу» мерекесі бірліктің, ынтымақтың, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдықтың белгісі екенін айтты.
Алтай ауданы мәслихатының төрағасы Лариса Алтай Гречушникова бұл күннің халқымыз үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтіп, Амал мерекесінің рухани маңызына тоқталды. Мерекелік іс-шара барысында жиналған қауым бір-бірін көктемнің келуімен құттықтап, ақ тілектерін арнады, қарияларға құрмет көрсетті.
Алтай жоғарғы колледжінің студенті Сергей Зайков барша қатысушыларды осынау жарқын мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен мейірімділік тіледі. «Көрісу күні» – ізгі ниет пен ақ баталардың, бірлік пен берекенің мерекесі.
Фото: Алтай ауданы әкімдігінен