Ғылым мен өнерді ұштастырған оқушы

Наурызда руханият пен шығармашылықтың мерекесіне айналған республикалық әдеби- шығармашылық оқулардың облыстық кезеңі өткен болатын. Облыста өткен білім мен өнер бәйгесіне Белоусовка ауылындағы №1 мектептің оқушылары да қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Мағжан поэзиясының жел мен физикалық динамикасы» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғап, облыс көлемінде жүлделі 3-орынды жеңіп алған №1 Белоусовка орта мектебінің 9 сынып оқушысы Тоқтаубекова Фатима – бүгінде білім мен өнер бәйгесінде қатар шауып, өзінің дара жолын салып келе жатқан жас дарынның бірі.
Фатима – көп балалы, еңбекқор отбасында өсіп келеді. Анасы – мектепте адал еңбекпен еден жуып, тәртіп пен тазалықтың үлгісін көрсетсе, әкесі –қала салған, жол салған құрыш қолды құрылысшы. Қарапайым, шаңырағы махаббат пен еңбекке толы отбасынан шыққан Фатима ата-анасының сенімін ақтап жүр.
Фатиманың әдебиетке деген сүйіспеншілігі тек зерттеумен шектелмейді. Ол – сөзге жүйрік, ойға бай оқушы. Былтыр облыстық деңгейде өткен «Сөз маржаны» байқауында көркем оқу шеберлігімен ерекшеленіп, «Жыр жауһары» номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған ақындар айтысына қатысып, суырыпсалмалық қабілетімен көзге түсіп, жүлделі орынға ие болды. Фатима тек ғылым мен әдебиетпен шектелмей, спортқа да ден қойған. «Жарқын болашақ», «Ғылыми зерттеу жобаларын қорғау», «Ауыл олимпиадасы» сынды білім бәйгелерінде топ жарып, алтын мен күмісті еншілеп жүр. Атап айтқанда, «Жарқын болашақ» байқауында ораторлық шеберлік бойынша аудандық деңгейде ІІІ орын алса, ғылыми жобаларды қорғаудың аудандық кезеңінде І орынды иеленіп, облыстық деңгейде екі жыл қатарынан ІІІ орынды қанжығасына байлады,-дейді шәкіртінің жетістіктеріне марқайған ұстазы, мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ардақ Тауданбекова.
Иә, еліміздің ертеңі болар дарындыларымызға дем беріп, қолдау көрсетіп, мақтануымыз керек.
Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оза шапқан озат оқушыларға қатысты, Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін қалай құрметтесек, пәндік олимпиадаларда жеңіске жеткен балаларды солай құрметтеу керек екенімізді ескерткен еді. Мемлекет басшысы физика, математика және басқа да пәндер бойынша олимпиадаларда бірінші орын алатын балаларға спортшыларға қарағанда аз көңіл бөлінетінін әділетсіздік деп есептеген академик Асқар Жұмаділдаевтің сөздерін келтіре отырып, балалардың нақты ғылымдарға ұмтылуын, дарынды балаларды қолдау маңызды екендігін атап айтты.