KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
522.38 612.6 6.54

Негізсіз шығынға тосқауыл: 21,2 млрд теңге ел игілігінде қалды

Фото: Ақорда

11.04.2025, 16:00 608 Төлеуғазы Жансая

Президент Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижелерімен және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылу барысымен танысты.

Агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидың мәліметінше, жыл басынан бері 521 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. 257 лауазымды тұлға әшкереленіп, олардың 141-і әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметте болған. Сотқа 366 іс жолданған.

Президентке мемлекет пайдасына 15 миллиард теңге өтелгені хабарланды. 2022 жылдан бері қайтарылған активтердің жалпы көлемі 1,13 триллион теңгені құраған. Сонымен қатар, қаржының тиімді жұмсалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 21,2 миллиард теңгенің орынсыз жұмсалуына жол берілмеген.

Туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша сыртқы талдау жүргізіліп, уәкілетті органдарға нақты ұсыныстар берілген. Жол құрылысы саласында «ақшаны бояу» жобасы іске қосылғаны туралы да баяндалды.

Президентке «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары аясында жүзеге асырылып жатқан қоғамдық бастамалар таныстырылды. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, 450 мыңнан астам азамат қамтылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып, Академиялық адалдық лигасымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Халықаралық ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Агенттік ЭЫДҰ және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобымен тығыз байланыс орнатып, ақпан айында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар қауымдастығының Атқару комитетіне мүше болды.

Transparency International ұйымының дерегі бойынша, Қазақстан 2024 жылы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 40 балл жинап, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды күшейтуді, жүйелі қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоюды және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруды тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу