KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег Штиль
523.86 544.34 5.11

Маңызды маусымға дайындық қалай?

29.08.2024, 08:30 148

Облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірдегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің алдағы жылыту маусымына әзірлігі пысықталды.   

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сүйенсек, аймақта жылыту маусымына дайындық жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қазір жылу электр орталықтарының дайындығы 75,4%-ға жеткен. Су электр станцияларында жөндеу жұмыстары 74,7%-ға орындалып отыр,

– Барлығы 444 км электр желілерінде, 30 қосалқы станцияда, 53 трансформаторлық қосалқы станцияда күрделі жөндеу аяқталды. 33 орталықтандырылған қазандықтың дайындығы – 67%. Бюджеттік ұйымдардағы 176 дербес қазандықтың 148-і сақадай-сай дайын тұр.
Сол сияқты 3023 көпқабатты тұрғын үйдің 2081-інде (69%) қысқы кезеңге дайындық актілері ресімделді. Үйлерді дайындаудың төмен көрсеткіші Алтай, Үлкен Нарын аудандарында, Риддер қаласында байқалады, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде бюджеттік ұйымдардың дайындығы – 85%, оның ішінде денсаулық сақтау нысандары – 86%, білім беру нысандары – 86%, әлеуметтік қорғау нысандары – 83%.
Ағымдағы жөндеу науқанына және инфрақұрылымды жаңғыртуға көзделген қаражаттың жалпы көлемі 24,1 млрд теңгеге жеткен, бұл былтырғымен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық.

Қай ауданның қарызы көп?

Өңірдегі коммуналдық кәсіпорындардың дебиторлық берешегі қазіргі кезде 1 579 млн теңгеге жетіп отыр, оның ішінде үш айдан астам уақытқа созылып кеткен берешек сомасы – 864 млн теңге.

– Аудан-қалалардың әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес жоспарланған 1 406,1 млн теңгенің 542 млн теңгесін өндірді. Әсіресе, Риддер қаласы, Зайсан және Ұлан аудандары әкімдіктері дебиторлық берешекті өтеу жөніндегі жоспарды орындамай отыр, – деді басқарма басшысы.

Жалпы кредиторлық берешек – 928 млн теңге, оның ішінде электр энергиясы – 562 млн теңге, көмір – 12 млн теңге, басқалары – 353 млн теңге.

Электр энергиясы үшін ең көп берешек Глубокое ауданындағы «Теплоэнергия» КММ-де (109 млн теңге) және Алтай қаласындағы «Тепловодоцентраль» КММ-де (82 млн теңге).

Биылғы 1 тамызға дейін қарыздарды өтеу кестесіне сәйкес коммуналдық кәсіпорындардың 959 млн теңге берешегі өтелді.

Кестеден кешігу жоқ

Глубокое ауданында да жылыту маусымына дайындық жұмысы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Эльдар Тұмашинов ақпарат берді.

– Қазір аудандағы жылу көздерінің әзірлігі 80 пайыз шамасында. Оның ішінде Белоусовка кентіндегі қазандықтың дайындығы 95 пайызға, ал Алтай ауылы жылу көзінің әзірлігі 81 пайызға жеткен. Аудан орталығы Глубокое кентінің қазандығында «Теплоэнергия» кәсіпорнымен 337,9 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Бүгінде қазандық жылыту маусымына 62 пайыз дайын. Барлық жөндеу жұмысы қазан айының басына дейін аяқталады, – деді Эльдар Тұмашинов.

Ол сонымен қатар биыл Глубокое кентінің 10,2 км кварталішілік жылу желілерін қайта жаңарту жобасы аяқталатынын мәлім етті. Бүгінде 9,3 км желі салынып қойған, яғни жоспарланған жұмыстың 90 пайызы орындалған. Аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстар қазан айына дейін тәмамдалатынын айтты.

Белгілі болғандай, қазір Глубокое кентінің қазандығына 24 663 тонна көмір қажет. Биыл облыстық бюджеттен 17 192 тонна көмір сатып алуға 176,532 миллион теңге қаражат бөлініпті. Көмір жеткізу жұмыстары басталып кеткен.

– Аудан халқына жылыту маусымында барлығы 53 мың тоннадай көмір қажет. Жалпы ауданда бұл тұрғыда қатысты ешқандай мәселе жоқ. Көмір тапшылығы жоқ. Теміржол тұйықтарында жеткілікті мөлшерде көмір қоры бар. Негізгі үш жеткізушімен жұмыс жолға қойылған, – деген аудан басшысы өңірдегі 108 көппәтерлі тұрғын үйдің 82-сі жылыту маумысына дайын екенін жеткізді.

Сол сияқты әлеуметтік нысандардың да қысқа дайындығы ойдағыдай. Аудан әкімінің айтуынша, барлық денсаулық сақтау мен мәдениет саласының нысаны жылыту маусымына тас-түйін дайын. Тек білім беру мекемелерінің әзірлігі бұл көрсеткіштен сәл төмен. Оның өзіндік себебі бар. Қатты отынмен жылытылатын мектептердің көбінде көмірді толық мөлшерде сақтайтын қоймалар жоқ. Сондықтан бөліп-бөліп жеткізіп отырады екен.

Риддерде жылу желілері жаңартылып жатыр

Дәл осындай жылыту маусымына әзірлік жұмыстары кеншілер шаһары – Риддерде де қызу жүріп жатыр. Риддер ЖЭО-ны жылыту маусымына сапалы дайындау үшін биыл жалпы сомасы 8,6 млрд теңгенің жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінге дейін қазандық агрегаттарын жөндеу жұмысы 75%-ға, жылу желілерін жөндеу 90%-ға орындалған.

Атап айтсақ, былтырғы жөндеу науқанында қамтылмаған қазандық агрегаттары мен турбогенераторларды жөндеуге 5,5 млрд теңге, 19 км жылу желілерін жөндеуге 2,7 млрд теңге, ОРУ-ды қайта құруға 280 млн теңге, күл шығаруға 77 млн теңге қарастырылған.

– Жөндеу жұмыстарына 17 мердігер ұйымның 600-ден астам жұмыскері тартылды. Бүгінге дейін ЖЭО қазандық агрегаттарын жөндеу 75%-ға, жылу желілерін жөндеу 90%-ға орындалып отыр, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Мамандар биылға жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары межелі мерзімде аяқталады деп сендіріп отыр.

Көмір жеткізуді ширату керек

Зайсан мен Марқакөл аудандарында қысқа әзірлік жұмыстары, оның ішінде көмір дайындау сылбыр жүргізіліп жатыр. Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлімдеді.

Облыс бойынша көмір өткізуді 21 өңірлік оператор жүзеге асырады. Тұрғындар мен жылу көздеріне көмірді «Қаражыра» мен ҚТЖ компаниялары бекітілген кесте бойынша жеткізеді.

– Облыстың тұйықтарында 12 мың тонна көмір бар, оның ішінде Өскеменде – 4500 тонна. Облыстың жылу көздеріне 364,9 мың тонна көмір, коммуналдық-тұрмыстық секторға 221 мың тонна, оның ішінде бюджеттік ұйымдарға 34,4 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл – жалпы қажеттіліктің 41%-ы. Көмір дайындаудың төмен қарқыны Зайсан мен Марқакөл аудандарында байқалады, – деді басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов.

Жылумен жабдықтаушы ұйымдардың көмір сатып алу шығындарын субсидиялау аясында биыл облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген. Атап айтсақ, «Өскемен жылу желілері» АҚ 747 млн теңге, «Теплоэнергия» КММ 252 млн теңге, «Тепловодоцентраль Алтай» КММ 186 млн теңге, «Тепловодоцентраль Серебрянка және Жаңа Бұқтырма» КММ 199 млн теңге, «Алтай КомХозСервис» КММ 114 млн теңге, «Күршім» КММ 66,6 млн теңге сомасында субсидия алған.

Дидар ақпарат

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу