Чексіз қайтару: Сатып алғаныңызды дәлелдеу жолдары
Фото: pixabay.com
Күнделікті өмірде әрбір адам сапасы көңілден шықпаған тауарды айырбастау немесе қайтару қажеттілігіне кезігеді. Алайда, мұндай жағдайда не істеу керектігін, әсіресе сатып алғаныңызды растайтын түбіртек – чек болмаса, көпшілік біле бермейді. Осы тұрғыда ШҚО Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті чексіз де өайтару құқығы бар екендігін тәптіштей түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заманауи қоғамда электронды төлемдер мен онлайн қызметтер кеңінен қолданылғанымен, фискалдық чек әлі де сатып алу немесе қызмет алу фактісін растайтын негізгі дәлел болып саналады. Бұл қарапайым қағаз – тұтынушының өз құқығын қорғауы үшін маңызды құрал. Ол арқылы тауарды кері қайтаруға, ауыстыруға немесе сапасыз қызметке байланысты шағым түсіруге заңды негіз қалыптасады.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы сатушыны немесе қызмет көрсетушіні сатып алу фактісін растайтын құжат беруге міндеттейді. Ал егер чек жоғалып кетсе немесе сізге мүлде берілмесе не істеуге болады? Мұндай жағдайда үміт үзудің қажеті жоқ: заң тұтынушы жағына шығады. Егер сатып алғаныңызды дәлелдей алсаңыз, сатушы тауарды айырбастауға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті.
Дәлелдеу құралы ретінде куәгерлердің айғақтары, видео немесе фототүсірілімдер, телефондағы смс-хабарламалар мен банк қосымшаларындағы төлем тарихы да жарамды. Заң бойынша, сатушы тұтынушының фото немесе бейнетүсірілім жүргізуіне тыйым сала алмайды – бұл да сіздің заңды құқығыңыз.
Бүгінде кәсіпкерден чек талап етпеу – олардың көлеңкелі табысқа жол ашуына, тиісінше салық төлеуден жалтаруына себеп болады. Егер сізге чек берілмесе және сатушы тарапынан қайтару-алмастырудан бас тарту жағдайы орын алса, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер органдарына шағым түсіруге құқылысыз. Ол үшін кәсіпкердің атауы, сатып алынған тауар туралы дерек, сатушының чек беруден бас тартқаны жөніндегі бейнежазба не куәгерлік мәліметтер қажет болуы мүмкін.
Ал егер мәселе шешілмей жатса, тұтынушылар өз құқықтарын қорғау мақсатында ШҚО Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің жедел желісіне 8 (7232) 26-72-07 телефоны арқылы хабарласа алады.
Қысқасы, чек болмаса да, құқық бар. Тек оны сауатты әрі нық қорғау керек.