Жыл басынан бері Өскеменде 7 бала терезеден құлаған
stock.adobe.com
Өскемен прокуратурасының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қалада балалардың терезеден құлауына байланысты 7 оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, оның үшеуі қайғылы аяқталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл – жай ғана кездейсоқтық емес, немқұрайлылықтың салдары. Көп жағдайда себеп – ашық қалған терезе, маскит торына деген жалған сенім және баланың қараусыз қалуы.
Маскит торы – қауіпсіздік құралы емес. Ал терезе алдындағы жиһаз балаға «сатымен» жоғары көтерілуге мүмкіндік береді. Тіпті бір сәтке ғана назар аударылмаған баланың өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Прокуратура ата-аналарға ескертеді: заң бойынша баланың қауіпсіздігіне толық жауапкершілік ата-ананың мойнында. Салғырттық моральдық ауыртпалықпен қатар, заң жүзінде де жауапкершілікке алып келеді.
Баланы қорғау үшін не істеу керек?
– Терезе алдындағы жиһазды алып тастаңыз
– Терезеге арнайы шектеуіштер мен құлыптар орнатыңыз
– Балаңызды ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмаңыз
– Маскит торына сенбеңіз – ол баланы құлап кетуден сақтай алмайды
Үйіңізге 10 минут бөліп, терезелерді тексеріңіз. Қарапайым ғана қауіпсіздік шаралары балаңыздың өмірін аман сақтап қалуға себеп болуы мүмкін.
Видео: Өскемен прокуратурасы