KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Өскеменде баланың өліміне байланысты тәрбиешілерге үкім шықты

stock.adobe.com

5.08.2025, 15:00 207 Жанаргүл Көкенайқызы

2024 жылдың жазында Өскемендегі «Сәулетай» саябағында қайғылы жағдай тіркелген болатын: серуендеуге шыққан бала әткеншектен құлап, кейін көз жұмды. Жуықта осы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаладағы ұзартылған күн тобына келген 6-10 жас аралығындағы 27 баланы тәрбиешілер келісімшартсыз қабылдап, серуенге алып шыққан. Олар қауіпсіздік ережелерін сақтамаған, балаларға қажетті нұсқаулық өткізбеген.

Серуен кезінде А. есімді бала қараусыз қалып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ақаулы әткеншекке шығып кеткен. Тербеліс кезінде ол құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер өмірі үшін күрескенімен, бала бірнеше күннен соң есін жимастан қайтыс болды.

ШҚО Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот тәрбиешілер В. мен Д.-ны ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Прокурор тарапынан 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және 3 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салу сұралды. Дегенмен, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында тәрбиешілер негізгі жазадан босатылды.

Айыпталушылар кінәсін мойындамаған. Олар қайғылы жағдайды кездейсоқ оқиға деп бағалап, соттан ақтау үкімін сұраған.

Сот тәрбиешілердің кәмелетке толмаған балаларының барын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескеріп, әрқайсысына 2 жыл бас бостандығынан айыру және 2 жыл бойы балалармен жұмыс істеуге тыйым салу түріндегі жаза тағайындады. Бірақ олар рақымшылық заңымен жазадан босатылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу