KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
508.91 594.36 6.33

Баланы балабақшаға қалай орналастыруға болады?

stock.adobe.com

7.08.2025, 19:00 4 171 Төлеуғазы Жансая

Балақайдың балабақшаға баруы – әр отбасы үшін маңызды кезең. Бұл – баланың білім мен тәрбие жолындағы алғашқы баспалдағы. Сол себепті мектепке дейінгі ұйымнан (МДҰ) орын алу үшін өтінішті қалай беру керек екенін және қандай талаптар бар екенін алдын ала білген жөн.

Ата-ана немесе заңды өкіл өтінішті www.egov.kz электронды үкімет порталы арқылы немесе ұялы телефон не ақпараттық терминал арқылы бере алады. Құжаттарды қағаз жүзінде тапсырудың қажеті жоқ – бәрі онлайн жасалады.

Өтінішпен бірге қажет болса мынадай құжаттардың электронды көшірмелері тіркеледі:
– мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) қорытындысы;
– санаторлық балабақшаға өтініш берген жағдайда – фтизиатр-дәрігердің қорытындысы.

Өтініш қабылданбауы мүмкін, егер:
– бала басқа қалада немесе басқа балабақшада кезекте тұрса (санаторлық және арнайы мекемелерден басқа);
– бала мемлекеттік тапсырыс бойынша басқа балабақшаға қабылданып қойған болса;
– ата-ананың тіркеуі өтініш берілген елді мекенде болмаса.

Деректер тексерілген соң, жүйе баланың жасына және жеңілдік санатына қарай кезек нөмірін береді. Кезектер үш топқа бөлінеді:
– жалпы балабақшаларға;
– ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы топтарға;
– санаторлық мекемелерге.

Бала кезекте бірінші болса, ата-ананың телефонына ваучер туралы хабарлама келеді. Оған жауап беру үшін 2 жұмыс күні ғана беріледі. Уақтында расталмаған жағдайда, ваучер жойылады, ал жауап болмаған жағдайда өтініш 28 күнге «қатып» қалады.

Ваучерді растағаннан кейін ата-ана ұсынылған тізімнен балабақшаны таңдайды. Таңдалған балабақшамен 5 жұмыс күні ішінде электронды келісімшарт жасалады. Егер құжаттар уақытында тапсырылмаса немесе талапқа сай болмаса – қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.

Қабылдаудан бас тарту себептері:
– құжаттардың толық болмауы немесе мерзімінің өтуі;
– медициналық қарсы көрсеткіштер;
– вакцинацияланбаған балалар санының рұқсат етілген деңгейден асып кетуі;
– тұрақты тіркеудің болмауы;
– құжаттарды кешіктіру.

Егер таңдаған балабақшада орын болмаса, басқа мекемені таңдау үшін 2 күн уақыт беріледі. Ваучер ұстаушыны ауыстыру да, егер балабақшаға қайта өтініш берілсе, мүмкін.

Балабақшаға орналастыру – жай ғана құжат тапсыру емес, бұл баланың дамуына, тәрбие алуына және мектепке сапалы дайындалуына жасалған маңызды қадам.

Құрметті ата-аналар!
Өтінішті кейінге қалдырмаңыз. Қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, хабарламаларды мұқият бақылаңыз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
ШҚО бойынша департаментінің басшысы
Е.М. Айқымбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу