Еңбек еленген күн: құрылысшылар марапат биігінен көрінді
Құрылысшылар күніне орай Шығыс Қазақстан облысында саланың үздік өкілдері марапатталып, өңір құрылыс саласындағы жетістіктер кеңінен атап өтілді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектері үшін ерекше алғыс білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұрғын үймен қамтуда да серпіліс байқалады. Екі жыл ішінде 755 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 1065 пәтер әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға табысталса, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 628 жеке үй салынған.
Саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мемлекеттік марапаттарға ие болды. ҚР Президентінің «Құрмет» ордені «AN Groups» ЖШС директоры Қайнар Дүйсенов пен «2020 СТРОЙ KZ» ЖШС смета инженері Майра Асаиноваға табысталды.
Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Восток-Котлы» ЖШС учаске бастығы Сержан Ақбердинов пен «СМУ Шығыс» ЖШС бас инженері Рафхат Икбаев марапатталды. Ал «Құрметті құрылысшы» медалі ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Жазира Мамырбековаға берілді.
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін стратегиялық маңызы бар Күршім көпірінің құрылысында ерекше көзге түскен «Облшығысжол» ЖШС қызметкерлері Илья Глазков пен Петр Мордвинов та «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жаңа көпір – өңір үшін аса маңызды жоба және оның сәтті жүзеге асуына аталмыш мамандардың кәсіби біліктілігі ықпал етті.
Құрылыс саласында үздік нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлерге ШҚО әкімінің, ҚР Премьер-министрінің, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының алғыс хаттары, сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитетінің Құрмет грамоталары табысталды.
– Құрылыс саласында қызмет еткелі он жылдай уақыт болды. Қазір мектеп, балабақша, медициналық пункт сынды әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар инфрақұрылымдық су және жылу желілерін тартумен айналысамыз. Еңбегіміздің бағаланып жатқанына ризамын. Бұл біздің қызметке деген ынтамызды еселей түседі, – деді «СМУ Шығыс» ЖШС атқарушы директоры Талант Ахметжанов.
Құрылысшылар күні – тек кәсіби мереке емес, бұл ел дамуына, болашақтың іргетасын қалауға арналған адал еңбектің құрметіне арналған күн. Шығыс Қазақстанның құрылысшылары бұл үдеден шығып, бүгінде өңірдің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып отыр.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников















