KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

ШҚО қыздар құрамасы – Қазақстан чемпионы

9.08.2025, 19:46 410 Төлеуғазы Жансая


Өскеменде 2009-2010 жылы туған қыздар арасында волейболдан жазғы Қазақстан чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген 12 команда ішінде екі бірдей ШҚО құрамасы да болды. Сондай-ақ Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Қызылорда, Алматы, СҚО, Павлодар, Түркістан, Астана және Алматы қалаларынан да спортшылар қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Финалда біздің қыздар Солтүстік Қазақстан құрамасымен кездесті. Ойынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та келіп, спортшыларды қолдады.

— Бұл жарыс — шеберлік, достық, жеңіске деген жігердің символы. Сонымен қатар, чемпионат Азия біріншілігіне қатысатын ұлттық құрамаға ойыншылар іріктеуге арналған, — деді аймақ басшысы.

Алғашқы партияда ШҚО командасы ойын тізгінін бірден қолға алып, 25:11 есебімен жеңді. Екінші сетте тартыс күшейді: қарсыластар алға шыққанымен, бапкердің тактикалық өзгерістері нәтижесін беріп, 25:22 есебімен тағы да жеңіске жеттік.

Үшінші партияда біздің қыздар басымдықты ұстап тұрғанымен, соңында СҚО командасы 21:25 есебімен ұтып, есепті қысқартты. Төртінші сетте ойын қайтадан шиеленісіп, шешуші ұпайлар ШҚО еншісінде қалды — 25:22. Осылайша, біздің құрама алтын медаль иегері атанды.

— Қарсыластар мықты болды. Бірақ дұрыс тактика мен психологиялық дайындықтың арқасында жеңіске жеттік. Қыздарымыз мінез көрсетті, — деді бас бапкер Еркін Нұрмұқашов.

Күміс жүлде СҚО командасына бұйырса, қола медальды Астана құрамасы алды.
Жеке марапаттар:

Үздік ойыншылар — Маргарита Вагнер (ШҚО), Балайым Қойлыбаева (СҚО), Малика Айтқожина (Астана)
Үздік төрешілер — Нұрлан Мұқажанов, Абылай Ланкадыров

— Ойын соңында сәл шаршадық, бірақ бар күшімізді жинадық. Әсіресе бірінші партия бізге жеңіл тиді. Бұл жеңіске бүкіл команда қатты қуанды, — дейді Маргарита Вагнер.

Чемпионаттың бас төрешісі Валентин Измайлов жарысқа қатысқан командалардың дайындығы жоғары деңгейде болғанын атап өтті.

Марапаттау рәсімінен кейін облыс әкімі ұлттық лигада ойнайтын BEREL әйелдер командасымен кездесті. Өткен жылы бұл ұжым ел чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу