KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 4 м/с, З
519.61 610.13 6.54

«Баланы мектепке дайындайық»: ШҚО-да 1500-ден астам балаға көмек көрсетіледі

21.08.2025, 17:30 232 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық» акциясы өтіп жатыр. Игі бастаманың мақсаты – әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың балаларына қолдау көрсетіп, оларды мектепке дайындау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Күн сайын облыстың аймақтық және аумақтық филиалдарында балаларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталуда. Қазіргі уақытта 800-ден астам оқушы көмек алды. Жалпы, акция аясында 1500-ден астам баланы қажетті құрал-жабдықтармен қамту жоспарланып отыр», – деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.

Акцияға барлық деңгейдегі депутаттар, бастауыш партия ұйымдары, кәсіпкерлер және өңірдегі ірі кәсіпорындар атсалысуда. Бүгінде тартылған қаражат көлемі 16 миллион теңгеден асты.

«Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше қуаныш пен жаңа бастамалардың кезеңі. Ал біздің міндетіміз – сол қуанышқа ортақтасып, оған үлес қосу. Бұл игі іске депутаттар мен меценаттар белсенді қатысып, көптеген отбасына нақты көмек көрсетуде. Осындай шаралар қоғамда мейірім мен қамқорлықты арттыра түседі», – дейді ШҚО мәслихатының депутаты Дмитрий Сомов.

Акция тамыз айының соңына дейін жалғасады. Осы кезеңде «AMANAT» партиясының облыстық және аумақтық филиалдары балаларға оқу құралдарымен толықтырылған сөмкелерді табыс етуді жалғастырады.
Бұл бастама – партияның әлеуметтік әділетті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдарының бірі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу