«Әке болу — рөлден де үлкен жауапкершілік»: Алтайда әкелер бас қосты
Алтай ауданында «Әке болу — рөлден де үлкен жауапкершілік» атты форум ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараға әкелік міндетті тек әлеуметтік мәртебе емес, саналы таңдау мен өмірлік миссия ретінде қабылдайтын ер азаматтар қатысты. Форум барысында жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, баланың мінез-құлқын қалыптастырудағы әкенің рөлі, бүгінгі күні әкенің үлгі болу мен тәлімгерлік маңызы талқыланды.
Форумға мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, медицина мен білім беру саласының өкілдері шақырылды. Алтай ауданы прокурорының орынбасары Әділ Сүлейменов әке ретіндегі өз тәжірибесімен бөліссе, аудандық полиция бөлімінің бастығы, төрт баланың әкесі Денис Еримбесов әрбір ер адамның балалары мен қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтті.
Маңызды сәттердің бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарының қатысуы болды. Олар сүйіспеншілік, құрмет, еңбекқорлық пен бірліктің мықты отбасы құрудағы маңызын көрсетті.
Форум аясында интерактивті сауалнамалар, блиц-викториналар, ата-аналарға арналған лайфхактармен бөлісу алаңы ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудан мектептерінің 5–7 сынып оқушылары арасында «Менің әкем – ең керемет» атты шығарма байқауы өтті. Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова өз сөзінде баланың өмірінде әкенің белсенді қатысуының және оның құндылықтарының қалыптасуындағы маңызын ерекше атап өтті.








