KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
494.87 520.65 4.91

Педагогтың өліміне не себеп? Фактілер расталды ма?

29.04.2021, 15:26 299

Өскемендегі аралас тілде білім беретін №5 мектепте аға тәлімгер қызметін атқарған (марқұм) Әсем Нұрғалиева мен оның әріптесі (бастауыш сынып мұғалімі) Сәуле Бапинова директордан қысым көргенін айтып құзырлы органдарға және біздің газет редакциясына шағым-хат жазды. Құзырлы тұлғалар шағымға тексеру жүргізіп жатқан тұста Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, алты күн комада жатып, көз жұмды.

Екі педагогтың шағымы не жайлы және ондағы фактілер расталды ма? Бұл туралы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетов айтып берді.

35ee473e-1fac-4fc7-8047-3c00e8992300.jpg

– Әсем Нұрғалиева төрт жастағы қызын жетектеп 7 сәуір күні бізге келді. Шағымын қарадық, біздің құзырымызға кіреді екен. Арнайы комиссия 19-21 сәуір аралығында мектепке кезектен тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде марқұмның шағымда жазған айғақтары түгел расталды. 11 шағым жазса, 11-і де расталды. Ішінара атап айтсақ, былтыр тамызда мектепте жөндеу жұмысы болған, сонда ол тазалау жұмыстарына тартылған. Бұл педагог қызметіне жатпайды. Аттестациялаудан өтуіне заң бойынша құқылы болса да мектеп директоры мен орынбасары кедергі болған. Сонымен қоса қыста сайлау науқанына тартылған. Жалпы айтсақ, мектеп директорына қатысты – алты әкімшілік іс, оның орынбасарына қатысты бір әкімшілік іс қозғалды. Біз қазір жоғары органдарға осы екі тұлғаға шара қолдану керегі туралы мәселе қойдық, – деді Жұмабек Қамбетов.

Оның айтуы бойынша, аталған педагогтардың еңбекақыны уақтылы ала алмауы және еңбек демалысының ақшасын толық ала алмауы бойынша шағымдары еңбек инспекциясының қарауына жөнелтілді.

Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Алагөзованың айтуы бойынша, «Музыка» пәні қазақ сыныптарына орыс тілінде жүргізіліп келгені де расталды. Бұл туралы да шағым иелері шағым-хатта жазып, мектеп директоры оқытушыларға баяндамаларды орыс тілінде дайындауға мәжбүрлейтінін атап көрсеткен.

Марқұм комаға қалай түсті? Бұл туралы оның туысы мен әріптестері баяндады.

62aaa817-5ba1-4105-ab29-e55543d160b4.jpg

Ауруханаға Әсем түскенде дәрігерлерден жағдайын сұрадық. КТ-дан өткіздік, коронавирус тестін алдық, жұлыннан менингит бойынша талдау алдық – барлығы таза. Бірақ неліктен есінен айырылғанын білмей тұрмыз» деді дәрігер. Сонда мен мектептегі жағдайы қиын болып жатқанын, директормен екеуінің арасында келіспеушілік болғанын айттым. Ол кезде Әсем қанша қызуы көтерілсе де оны үйде дәрімен түсіріп, жұмысқа барған әрі құзырлы орындарға шағымын жеткізуге шапқылап жүрген. Содан оған сол жолы «ми ісінуі» деген диагноз қойылды. «Қызуы көтеріліп жүріп қатты күйзеліске түскенде миы ісінеді» деп түсіндірді дәрігер. Бірақ ол комадан шықпай, сол күйі өмірден өтіп кетті. Сүйегін алуға барғанда құжаттарын қарасақ, «менингит» деп диагноз қойыпты. Ал түсініп көр? Дәрігерлердің айтуынша, екінші рет тағы анализ алған, сол кезде менингит анықталған. Осы жерде бір күмәнді нәрсе бар. Жалпы менингит деген жұқпалы ауру ғой. Ендеше неге мектеп карантинге жабылмады, әлі де сабақ жүргізіліп жатыр ғой? – дейді марқұмның әпкесі Ғафура Дарабаева.

Мектептің педагог-психологі Маржан Қанатбекқызы ұжымда атмосфера ауыр екенін айтады.

9f09cd03-b3d8-445c-ba89-0cb359f93098.jpg

– Мектептегі атмосфера ауыр. Өйткені басшы директивті ұстаным ұстанады, яғни ұжыммен еш ақылдаспай, бүкіл ұжым атынан бір өзі шешім шығарады. Мұндағы қызметкердің көбі кедергілерге ұшырап жүргенін ауызша айтады, бірақ ресми түрде ешқайсы кеңес алуға келген емес. Марқұм Әсем Нұрғалиева да маған өзінің қысым көріп жүргені туралы оңашада айтты. Ол басшының қудалауынан күйзеліске түсті, күйзеліс соңы оның қазасына алып келді деп ойлаймын, – деген Маржан Қанатбекқызы өзі де марқұм Әсем Нұрғалиевамен бірге мектептегі қоқыс пен кірпішті жинауға қатысқанын айтады.

Марқұммен бірге шағым-хат жазған педагогтың да айтары бар.

30b0929d-dfe1-489b-a86d-1a15c6a59757.jpg

– Әсем жұмысқа кіргеннен бастап директорға ұнамай қалды. Директор әр жұмысынан ілік іздеп, қудалады. Мысалы, оның балалары түрлі сайыстан жүлде алып жүрді. Одан кейін Әсем аттестациялауға арналған тесті жақсы тапсырып, портфолио жинай бастады. Бірақ директордың орынбасары Белоцерковская кедергі келтірді. Директор Карпова да оның соңына аңду қойып, келіп-кеткен уақытын түгел бақылатты. Күнделікті қысым көрсетті. Мектептің Инстаграм желісінен Әсемнің аты жазылған жұмысты алғызып тастады. Әсем: «қатты стресстен миым қайнап бара жатқан секілді, мен бұдан әріге шыдай алмаймын, әбден есімді шығарып бітті» деп айтты маған. Ол, шынымен, күйзеліп жүрді. «Сәл шыда, бұйырса, бұл жұмыстан шығасың, бұрынғы өзіңнің сүйікті жұмысыңа қайтып барамын деп жүрсің ғой, шыда» деп қолдау көрсетуге тырыстым. Оған қайдам... Сенбі күні сабағымыз болмаса да, бізді директор мектепке шақыртып алды. Сол күні кешке жақын Әсем ауруханаға түсіп қалды. Ал дүйсенбі күні оның комаға түскенін естідім. Директор маған да қысым көрсетіп, дөрекі сөздер айтқан. Ар-намысыма тиген. Өз шағымымды жазбаша түрде жазып көрсеткенмін, – деді Сәуле Бапинова.

Мектеп директоры не дейді? Наталья Карпованың өзімен де тілдестік.

fc94f501-8d80-4176-8dc4-dd6592903de6.jpg

– Медицина Әсем Нұрғалиева «менингиттен» қайтыс болғанын дәлелдеді ғой. Басқа айтарым жоқ. Елдегі пандемияға байланысты адамдар бір ауырлық сезініп жүргені рас. Бірақ мектеп ішіндегі ахуал жақсы, – деді Наталья Карпова.

Мектеп директоры «Марқұм Әсем Нұрғалиеваға қандай мінездеме бересіз?» деген сұрағымызға былай жауап қатты: «Марқұммен жұмыс барысында ғана қарым-қатынасымыз болды. Арамызда келіспеушілік болған емес. Ол аға тәлімгер ретінде балалармен жұмыс істеді, мектептің әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізді. Соңғы рет сенбі күні көрдім. Сонда «Жас ұлан» ұйымының мүшелерімен бірге өзінің жұмысын істеп жатты. Барлығы жақсы болды. Ол күлімдеп жүрген».

Марқұмның қазасы туыстары мен әріптестеріне ауыр тиіп отыр. «Марқұмның артында аңырап анасы, шырылдап екі және төрт жастағы жетім баласы, сең соққандай сенделіп жұбайы қалды», дейді бастарына қайғы түскен адамдар. Алайда олар Карпованың директорлықтан түскеннен кейін де мектепте мұғалім болып жүруге моральдық тұрғыда хақы жоқ деп есептейді. Бұл – болашақта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін істелуге тиіс маңызды қадам, үлкен сабақ.

Қалалық білім бөлімі басшысының айтуы бойынша, Наталья Карпова директор лауазымынан алынады. Бірақ сол мектепте мұғалім ретінде қала ма, басқа жаққа жұмысқа бара ма – ол туралы алдағы уақытта соңғы шешім шығарылғанда мәлім болады.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетовтің айтуы бойынша, облыста бұған дейін де мұғалімдер тарапынан шағымдар келіп түскен, бірақ келтірген айғақтар толық дәлелденген бірінші жағдай – осы.

Полиция департаментіне ауруханадан марқұмның «менингиттен» қаза болғаны туралы ақпарат келген. Онда Әсем Нұрғалиева «кенеттен қаза болды» деп жазылған. Департаменттің баспасөз хатшысының айтуы бойынша, аталған іске байланысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Өйткені туыстары бүгінгі күнге дейін ешқандай арыз бермеген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу