KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Ескертулерді елемей отыр

16.08.2024, 18:23 234 Нұржан Кенжеұлы

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы хабарлағандай, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанның су айдындарында бес адам, оның ішінде шомылу маусымында үш адам суға кеткен. Сондай-ақ, ТЖД бөлімшелері 18 адамды, оның ішінде төрт баланы құтқарған.

Белгілі болғандай, Төтенше жағдайлар департаменті 63 құтқарушы-дружинникті оқытқан, суға шомылу маусымы басталғалы бері 2 100-ден астам алдын алу рейді өткізілген. Бұқтырма су қоймасында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мобильді және жылжымалы бекеттер орнатылыпты.

Сондай-ақ жыл басынан бері судағы қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін 1 580 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болып отыр.

Құтқарушылар жабдықталмаған шомылу орындарына рейдтерін бір сәтке де тоқтатқан емес. Соған қарамастан, өңір тұрғындары рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылуды жалғастыруда. Кей жағдайда мұндай елемеудің соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жаз басынан бері шомылуға тыйым салынған жерлерде үш адам суға кеткен, оның бірі бала.

– Адамдар демалыс үшін түбі тексерілмеген, қатты ағысы бар су қоймаларын таңдап жатады. Ал мұның соңы жақсылыққа апармайды, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Осы ретте Шығыс Қазақстанда облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 22 көпшілік демалатын және 74 шомылуға тыйым салынған жер белгіленгенін айту керек. Қазіргі уақытта өңірде бір муниципалдық жағажай (Ұлан ауданы), бес коммуналдық жағажай (Өскемен қаласы – екі, Риддер қаласы – бір, Алтай ауданы – екі) және төрт жеке жағажай  (Ұлан ауданы) жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, облыстың су қоймаларын патрульдеу жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Құтқарушылар демалушыларға жадынамалар таратып, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.

– Демалушыларға шомылу үшін тек жабдықталған орындарды таңдауға, сондай-ақ су қоймаларындағы тыйым салатын белгілерді ескеруге шақырамыз. Өйткені бұл жерлердің ағысы қатты, түбі шұңқыр болуы мүмкін. Жалпы, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 364 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерткім келеді, – деп атап өтті ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды суға түскенде құтқару жилетін киюге, қайыққа мінгенде оны шамадан тыс жүктемеуге және қараңғы уақытта өзен-көлдерге бармауға шақырады.

Құтқарушылар көмекке келуге әзір

Шығыс Қазақстанда тұмса табиғатымен отандық қана емес, шетелдік туристерді де өзіне баурап алатын жер жетіп артылады. Қазіргі уақытта өңірде саяхаттың сан алуан түрі бар. Байдаркамен жүзу, тау маршруттарын еңсеру, атпен экскурсияларға шығу, джип және вело турлар, тағысын тағы...

Алайда мұндай саяхаттарға шығудың өзі туристен белгілі бір дайындықты қажет ететіні рас. Әйтпесе, адамның жарақат алып қалуы ғажап емес.

Әдетте, мұндай оқыс жағдайға тап болған адамдар уақытты өткізіп алып жатады, құтқарушылардың көмегіне жағдай ушығып кеткенде ғана жүгінеді. Бұл әсте дұрыс емес

Облысымызда дәл осындай оқиғалар да ара-кідік болып тұрады. Мәселен, осыдан біраз бұрын Глубокое ауданында жартасқа шығып, өздігінен түсе алмаған ер адам құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болған. Ал Риддер қаласы мен Катонқарағай ауданында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тауға жорық кезінде жарақат алып, төменге өз бетінше түсе алмай қалған туристерге көмекке келді. Алтай ауданында адасқан мотоциклшілерді іздестіру жұмыстары да сәтті аяқталды.

Осы ретте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті турларды ұйымдастырушылар су, тау және өмірге қауіп төндіретін басқа да нысандар арқылы өтетін маршруттар туралы «112» телефонына хабарлау қажет екенін ескертеді. Бұл іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін және жедел көмек көрсету үшін аса маңызды.

– Мұндай турды ұйымдастырудың өзі асқан жауапкершілікті қажет етеді. Сапарға шықпас бұрын маршруттың күрделілігін және оның жай-күйін бағалап, болжамды тур аймағында қалыптасатын гидро және метеожағдайлар туралы қолда бар ақпаратпен танысу қажет. Құтқарушылардың дауыл туралы ескертулерін де ескерусіз қалдырмаңыз. Жақындарыңызға маршрутыңыз бен қайту мерзімі туралы ескертіп қойыңыз, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Құтқарушылар сапарға шыққалы тұрған адамда міндетті түрде «шағын арсенал» болуы керек екенін айтады. Оның құрамына алғашқы медициналық көмек қобдишасы, пышақ, сіріңке, компас, су мен азық-түлік қоры, ұялы телефон мен зарядтағыш кіреді.

Мамандар ешқашан бейтаныс маршрутпен жол көрсететін гидсіз жүрмеуге шақырады. Сондай-ақ, жалғыз саяхаттамаған дұрыс.

– Егер саяхатқа балалармен бірге шықсаңыз, онда жауапкершілік екі есе артатынын ұмытпаңыз. Кішкентай балаларды бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ жартастарда, тік өзен жағалауларында суретке түспеген абзал. Тұман немесе тәуліктің қараңғы кезінде сапарға шығудан бас тартыңыз. Адасқан немесе оқыс оқиғаға тап болған жағдайда дереу «112» нөміріне қоңырау шалу қажет, – дейді мамандар.

Жол бермегендер жауапқа тартылды

 

Шығыс Қазақстанда өрт сөндіру автокөлігіне жол бермеген төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.

Жақында ТЖД мамандары мен полиция қызметкерлері арнайы профилактикалық рейд өткізген болатын. Нәтижесінде өрт сөндіру автокөлігіне жол бермеген төрт жүргізуші «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 598-бабына бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтерді жиі өткізудің маңызы зор. Өйткені, адамдардың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ мүліктің сақталуы өрт сөндіру көлігінің оқиға орнына жылдам жетуіне тікелей байланысты.

– Көп жағдайда өрт сөндіру көлігінің отқа оранған нысанға жетуіне тұрғын үйлердің ауласындағы көліктер кедергі келтіреді. Ал өрт кезінде әр мезет маңызды. Оқиға орнына асыққан өрт сөндіру көліктері тұрақта тұрған көліктердің арасынан өту үшін баяу қозғалуға мәжбүр болады. Автоцистернаны орнату да қиындық тудырып жатады, – деп атап өтті департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова.

«Ұмытшақтар» азаймай тұр

 

Жыл басынан бері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары пеште тамақты қараусыз қалдыру оқиғаларына елуден астам рет шыққан. Соңғы аптада ғана дәл осындай үш оқиға тіркелген.

Мамандар мұндай жағдайларға адамдардың ұмытшақтығы себеп болатынын айтады. Пешке тамақты қойып, бұл туралы ұмытып кететін тұрғындар өте көп екен.

ТЖД ақпараты бойынша, ұмытшақ тұрғындардың дені – үй шаруасындағы әйелдер, қарттар мен түнгі ауысымнан келгендер. Кейде көршінің шақыртуымен келген өрт сөндірушілер үй иесін таппай қалатын жағдайлар да болады екен.

– Пештегі тағам күйген кезде ерекше өткір иіс пайда болады. Ыстық табаның айналасындағы температура көтеріледі. Ыдыстағы тағам мен май жануы мүмкін. Жоғары температураның салдарынан жақын маңдағы жиһаз бен перде сияқты жанғыш материалдар тұтануы да ықтимал. Қазанның тұтқалары немесе кесу тақталары сияқты пластик заттар ери бастайды. Сондай-ақ, пластмассадан улы заттар бөлінетіні тағы бар, – деп атап өтті облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Белгілі болғандай, «ұмытшақ» азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін мұндай оқиғаларды болдырмас үшін мамандар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін естен шығармауға шақырады.

– Қосулы пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Қатты шаршасаңыз, демалып алған дұрыс. Сондай-ақ пештің жанында жанғыш материалдар мен заттар болмауы керек. Пәтерде өрт сөндіргіш құралдың болғаны абзал. Ал өрт болған жағдайда дереу «101» немесе «112» телефондарына хабарласу қажет, – деп ескертеді мамандар.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив