Шығысқазақстандық оқушы "Батыр баянды" суретпен сөйлетті
Мектеп оқушысы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай сурет сөз-альбомын шығарды. Бұл 9 сынып оқушысының үшінші альбомы.
Жуықта «Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Асыл Сұңғатқызының «Батыр Баян» атты сурет сөз-альбомы жарық көрді. Автор бұл альбомын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арнап, «Батыр Баян» поэмасын суретпен сөйлеткен. Жас автордың бұған дейін «Алаш көсемі», «Ер Төстік» атты комикс-альбомдарының және «Мен жастарға сенемін» атты стикерпактысы жарық көрді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жалпы комикс – суретпен салынған оқиға. Туынды әдебиет пен сурет өнерін ұштастырады. Шығарма кейіпкерлерін оқырман қауымға комикс форматында таныстыру – қазіргі таңда жасөспірімдер арасында танымалдылыққа ие болған шығармашылық ізденістің жаңа бір түрі.
Асылдың жаңа альбомында Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы суреттелген. Альбом жастықтың албырттығын, сезімнің соқырлығы мен ақылға бағынбайтын асаулығын, ашу мен ақылдың, сана мен сезімнің таласын, әрі көзсіз ерлікті баяндайды.