«Торпедо» «Сарыарқадан» ұзай түсе ала ма?
Фото: "Торпедо" ХК сайтынан алынды
Қаһарына мінген «Торпедо» жеңісті жолын жалғастыруда.
Осыған дейін 2023-24 жылдарғы 1хBet Pro hokei Ligasy тұрақты чемпионаты аясында «Ертіс» (Павлодар) пен «Алматы» командаларын ірі есеппен талқандаған команда бұл жолы тіптен айтулы жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бірақ, бұл жолы жерлестеріміздің қарсыласы жоғарыдағыдай ортаңқол ұжым емес, нағыз мықтының өзі болды. Ол – былтырғы доданың чемпионы және Құрлықтық кубоктың иегері – Астананың «Номады» еді.
Бір атап өтерлігі, «Торпедо» бұл ойынды қонақта өткізсе де, айдында сенімді қимылдады. Матчтағы дәл соққылар сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша қарсыласынан оқ бойы алда болған өскемендік ұжым кездесуді 5:3 есебімен өз пайдасына аяқтады. Ойын барысында біздің команда сапынан қорғаушы Евгений Сулимов (дубль), сондай-ақ, шабуылшылар Егор Кожевников пен Андрей Лагунов (дубль) көзге түскенін айтқан жөн.
Осылайша, «торпедолықтар» қоржынындағы ұпайлар санын 60-қа дейін жеткізіп, турнир кестесіндегі төртінші орнын нықтай түсті. Дәл қазір өскемендік команда бесінші орында орналасқан Қарағандының «Сарыарқасынан» жеті ұпайға алда тұр. Бұл ретте, өскеменік ұжым қарағандылықтарға қарағанда бір матчқа кем өткізгенін айту керек.
Бүгін жерлестеріміз өз айдынында дәл осы «Сарыарқаны» қабылдайтын болады. Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтетін ойын кешкі сағат 18:30-да басталады. Егер бұл ойында жеңіске жетсе, «Торпедо» ізін қуған «Сарыарқадан» тіптен ұзай түседі.