ШҚО-да мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытына қатысты мәселе талқыланды
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытынан кейін қалып, қосымша жұмыс істеулеріне не себеп? Бұл олардың өз еркі ме, жоқ әлде, басшыларының талабы ма?
ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Отырыста белгілі болғандай, жыл басынан бері департамент жұмыс уақытына мониторинг жасаған кезде, бес мемлекеттік органда еңбек тәртібі бұзылғанын анықтады. Жиырма қызметкер жұмыс орнынан табылған, алайда олардың артық жұмыс істеуіне жұмыс берушінің тиісті актісі шығарылмаған.
Департамент мамандары бұдан кейін де он бір мемлекеттік органға рейд жасап, жұмыстан кейінгі уақытта оларды аралап шыққан. Нәтижесінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында, Өскемен қалалық тұрғын үй-шаруашылық, жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде он төрт мемлекеттік қызметші тиісті бұйрықсыз үстеме жұмысқа тартылғаны белгілі болды.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан тыс өз еркілерімен жұмыс істеп отырғандарына сендіруге тырысқанымен, Кеңес мүшелері олар басшыларының талабымен қалғанына күмән келтірмейді.
Кеңеске шақырылған Өскемен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Еркін Тұраров көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санының артқанын, ал мамандар саны, керісінше азайғанын алға артты.
Отырыста басқа да органдардың артық жұмыс істеген мемлекеттік қызметшілерінің құқықтары қосымша демалыс беру жолымен қалпына келтірілгені айтылды.