KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 1 м/с, С
479.05 534.57 5.17

Сара Манучарян: Қазақ елінде өскенімді мақтан етемін

1.03.2024, 11:47 143 Айна Ескенқызы

Елімізге үш жасында Армениядан көшіп келген шемонаихалық Сара Манучарян өз болашағын тек Қазақстанмен ғана байланыстыратынын айтады.  
Оның әкесі Зарзанд Манучарян 80-ші жылдардың басында Қазақстанға кеп, құрылысшы болып істеген екен. Содан 1988 жылы қазақ жерінде тұрақтап қалуға шешім қабылдап, Армениядағы отбасын көшіріп әкеледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
Ширек ғасырдан артық бұл отбасы Шемонаихада тұрып келеді. 

– Үйдің кенжесімін. Екі әпкем бар. Әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, бәрімізді осында көшіріп әкелді. Ол кісі қазақтардың қонақжайлығына, кішіпейілдігіне риза болып отыратын. Осы жерде жұмыс істеу, отбасын асырау оңай болды дейтін. Армениядағы туыстарымызбен байланысты үзген емеспін. Бірақ біздің әулет үшін Қазақстан – Отанымыз, – дейді Сара. 

Сара Манучарян Шемонаиха қаласындағы Достық үйінде этноаралық қатынастар жөніндегі әдіскер болып істейді әрі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы. Ол өз болашағын Қазақстаннан тыс жерде елестете алмайды.

– Мен үш жасымда келіп, осында оқып, білім алдым. Өмірімде кездескен барлық жандарға алғысым шексіз. Менде ешқашан бөтен елде жүрмін деген сезім болған жоқ. Қазақстанда өскенімді мақтан тұтамын, қазақ елінің мәдениетін көріп, ұлттық тағамдарын татқанымның өзі – мен үшін бақыт. Ең бастысы – өмір тыныш, аспанымыз ашық. Елімізде жұмыс істеуге де, оқуға да барлық жағдай жасалған. Тек соны бағалау керек, – дейді Сара. 

Сараның ұлы Алекстің сүйікті тамағы – бауырсақ пен сірне. Қолы босағанда осы тағамдарды дайындайды. 

– Бір-бірімізге деген сыйластық болса, қажет кезде көмек қолын соза білсек, жеткілікті. Осы тамаша қасиетті қазақтардың бойынан көремін. Рақмет саған, Қазақстан! Ыстық құшағың үшін, алаңсыз, бейбіт өміріміз үшін! – дейді Сара. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив