KZ
Өскемен
-33°
туман жел 1 м/с, С
517.84 543.11 5.28

Биыл әскерге 20 мың адам шақырылады. Оларға қандай жеңілдіктер ұсынылып отыр

28.03.2024, 18:31 158 Айжанат Бақытқызы

Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы Фархат Айдарбаев сарбаздарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғанын айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Informburo.kz  сайтына сілтеме жасап.

Жуырда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыра отырып, әскерге барып, Отан алдындағы өз борышын өтеген азаматтарға арнайы жеңілдіктер ұсынылатынын мәлімдеді.

Осы орайда қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының орынбасары, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы, полковник Фархат Айдарбаев дәл қазір әскерге баратын сарбаздарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғанын және әскерге шақыру тәртібінің қалай жүзеге асатынын түсіндірді. 

Болашақ сарбаздарға қандай жеңілдіктер ұсынылып отыр?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әскерге барып, өз борышын өтеген азаматтарға арнайы жеңілдіктер беруді ұсынды. Олар: 

  1. осы санат үшін арнайы квота енгізу;
    сарбаздарға осы квоталар шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арнайы дайындалған
  2. емтихандар негізінде түсу мүмкіндігін беру;
  3. осы азаматтарға жатақханада орын бөлген уақытта басымдық беру. 

Полковник Фархат Айдарбаев қорғаныс министрлігінің мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне «кредиттік демалыс» берілгенін айтады. Сондай-ақ қазірдің өзінде бар жеңілдіктерге тоқталды. 

«Қазірдің өзінде 6 мың әскери қызметшіге 2,3 млрд теңгеге негізгі борыш пен сыйақы бойынша «кредиттік демалыс» берілді. 
Мерзімді әскери қызметшілер әскери қызметін өткеру кезеңінде несиесін уайымдайды. Сол себепті меморандумды іске асыру үшін агенттікпен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленді. Шақыру науқаны барысында жиналған банктік қарыздар мен микрокредиттер туралы мәліметтер бірден қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады. Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алудың барлық нысанын тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие беруші сот ісін жүргізуді, берешекті өндіріп алу бойынша нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын үйден шығаруды тоқтатады. Өткен сот актілері бойынша берешекті өндіріп алудың барлық нысандары да тоқтатыла тұрады», – деді Фархат Айдарбаев. 

Басқарма басшысының айтуынша, үздік деп танылған мерзімді қызметтің сарбаздары тегін оқиды. Қорғаныс министрлігі елдің 70-ке жуық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар үшін жоғары оқу орындарында тегін оқуға 3 мың орын қарастырған. 

«Бұл жеңілдік мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға ұлттық бірыңғай тестінің нәтижесінсіз, әңгімелесу нәтижелері бойынша әскери борышын өткергеннен кейін екі жыл ішінде ақылы түрде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігін беруді көздейді. Мерзімді қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта тәртіпті және жоғары нәтижелерге қол жеткізген жекелеген, неғұрлым лайықты әскери қызметшілерге ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады», – деп түсіндірді ол. 

Биыл әскерге шақыру тәртібі қалай жүзеге асады?

Қазақстан Республикасы президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы № 443 жарлығына сәйкес биыл 1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдары әкімдері орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.
2024 жылғы 30 маусымға дейін қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам ер азамат толықтырады.  
Әскерге 20 014 адам шақырылады, соның ішінде:

Қарулы күштерге – 9 795 адам;
Ұлттық ұланға – 6 823 адам;
ҰҚК шекара қызметіне – 2 800 адам;
Төтенше жағдайлар министрлігіне – 306 адам;
Мемлекеттік күзет қызметіне – 290 адам.

«Мерзімді әскери қызметке шақыру және оның белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып, жүргізілетін болады. Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізілетін дербес шақырту қағазын жолдау және 1414 қызметінің SMS-хабарламалары арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы болады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату көрсетілетін мемлекеттік қызметі азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылады. Бұл қызметтерге жергілікті атқарушы органдар жауапты. Әскери қызметтің әрбір жас азаматтың заңмен белгіленген міндеті екенін, ал әскери қызмет өткеруден жалтару барлық құқықтық салдарға әкеп соқтыратын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салғым келеді. Сонымен бірге, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін белгілі бір төлем арқылы шешу жолымен көмек көрсетуге уәде беретін адамдардың әрекетінен азаматтарды сақтандырғым келеді. Өйткені бұл қызметтерді жергілікті атқарушы органдар өтеусіз негізде көрсетеді», – деді әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу