Халық банктерге 17,2 трлн теңге қарыз
Фото: Naryk.kz
2024 жылғы ақпанда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер АҚШ долларының теңгеге қатысты 0,6%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде 2,1%-ға 28,4 трлн теңгеге дейін, оның ішінде ұлттық валютада 2,0%-ға, 26,3 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 3,0%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Naryk.kz сайтына сілтеме жасап.
Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 92,4%-ды құрады.
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы ақпанда 2,2%-ға ұлғайып, 17,2 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 3,4%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 1,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,7%-ға 10,7 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.
2024 жылғы ақпанда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,5%-ды (2024 жылғы қаңтарда– 19,9%), халыққа қатысты – бөліп төлеу бойынша берілген қарыздар үлесінің ұлғаюы нәтижесінде 17,5%-ды (2024 жылғы қаңтарда – 19,8%) құрады.
Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр. Банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі несие портфелінің 3,0%-ын немесе 906 млрд теңгені құрады.