Бүгін – Қадір түні
Рамазан айы аяқталуға жақын. Бүгін – күллі мұсылман халқы асыға күтетін қасиетті Қадір түні.
Құранда Қадір түнінің нақты уақыты айтылмайды, әл-Бұхари хадисінде Рамазан айының соңғы 10 күніндегі тақ түндердің бірі екені айтылған. Көпшілігі мұны Оразаның 27-ші түні деп санайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні», деп анықтама берілген.
Қадір түнінің бірнеше белгісі бар. Ғұламалардың айтуынша, Қадір түнінің белгілері екі топқа бөлінеді. Біріншісі – уақытында (яғни сол түні) білінетін белгілер. Оған сол түннің ашық, ай сәулесінің жарық болуы; жүректің тыныштығы, уайым-қайғыға берілмей тыныштықты сезінуі; адамға жағымды самал желдің есуі; суық та, ыстық та емес қолайлы ауа райының болуы жатады. Екіншісі – таң атқанда білінетін белгі. Бұған күннің сәулесіз қызарып шығуы жатады.
Қадір түнінде құлшылықтарды көбейтуге, Құранды көбірек оқуға, дұға-тілектер жасауға кеңес беріледі.