Қазақстанда алғаш рет бүйректің айқас трансплантациясы жүргізілді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстанда тұңғыш рет А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының базасында басқарма төрағасы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен ересек пациенттерге бүйректі айқас трансплантаттау жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айқас трансплантаттау – бұл кем дегенде екі сәйкес келмейтін жұптан, айқастыру арқылы ағзаны қондыру. Бұл операция донорларды алмастыру қағидаты бойынша орындалады: егер туысқан донор реципиентке медициналық көрсетілімдер бойынша сәйкес келмесе, сондай проблемасы бар басқа донор таңдалады.
Дүние жүзіндегі, атап айтқанда, біздің еліміздегі донорлық ағзалардың тапшылығы жағдайында альтруистік донорлық, АВО-сәйкес келмейтін, бүйректі айқас трансплантаттау балама болып табылады.
Қазір біздің республикамызда да осындай операциялар практикаға енгізілді. Айқас трансплантаттау екі жұптың - қан тобы бойынша өзара сәйкес келмеген күйеуі-әйелі және қызы мен анасының арасында жасалды. Бұл пациенттер ұзақ жылдар бойы бағдарламалық гемодиализде болды.