Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу ұсынылды
Фото: krot.info
Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу ұсынылды.
Бұл туралы Altaynews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде донорлық ағзаға мұқтаж мыңдаған жан шетелден келетін ағза трансплантациясынан ғана үміттенеді. Себебі ол елдерде қайтыс болған адамдардың мүшесін алу үшін туыстарының рұқсаты талап етілмейді.
Бір адам бес адамның өмірін құтқара алады: Қазақстанда 4000 азамат донорлық ағзаның кезегінде тұр.
Шетелдегі органдарды сатып алу туралы өтініштерді "Қазақстан халқына" қоры қабылдайды. Бұл өте қымбат болғандықтан, көптің қалтасы көтермейді.
Елімізде қайтыс болған азаматтардың ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алуға заң рұқсат етсе, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалар еді. Қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық адам органға мұқтаж, оның 90-ы бала. Халықтың басым бөлігі бұған қарсы болғандықтан, көбі кезекке жетпей, көз жұмады.
Бұған дейін Қазақстандықтар көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, қайтыс болған соң оның органы автоматты түрде алынуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар елімізде жүрек донорын күткен науқастардың 70%-ы кезегі жетпей өмірден өтеді екен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі (тірі кезіндегі донор) және қайтыс болған адам (қайтыс болғаннан кейін донор) донор бола алады.
Төмендегі талаптарға сәйкес тұлға ағза мен тіндердің тірі кезіндегі доноры бола алады:
18 жастағы және одан үлкен;
әрекетке қабілетті;
ағзасын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) одан әрі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген;
ағзасын (ағзасының бөлігін) алу денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтінін растайтын жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өткен.
Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.
Қайтыс болғаннан кейінгі донор – 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіні (тінінің бөлігі) реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін, бас миының біржола семуі расталған адам бола алады.
Жанаргүл Мұқатай