Аутизмді жеңуге болады
Соңғы жылдары елімізде психикалық және неврологиялық проблемалары бар, аутизм спектрі бұзылған балалардың саны артып барады. Ерекше балалармен қалай жұмыс істеу керек, неден бастаған жөн? Аутист балалардың ата-аналары үнемі бір ғажайыпты тосып жүреді. Ондай балғындармен 24/7 режимінде, мейілінше ертерек жаттыға бастағанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Облыс орталығында ерекше балалардың ата-аналарына және мамандарға көмек ретінде «Мейірімділік ерікті қоғамы» қоғамдық қорының бастауымен «Аутизмді жеңуге болады» жобасы шеңберінде аутизм проблемасына тұтас көзқарасты қолдану тәжірибесі бойынша семинар өтіп жатыр.
Қор мамандарының әрқайсысы осы проблемамен бетпе-бет келіп, ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандықтан, олардың айтарлары да, бөлісетін тәжірибелері де мол.
Әрине, мемлекет тарапынан жылдан жылға халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетілдіріліп, көптеген мақсаттар қойылып, қызмет көрсету сапасы мен көлемі артып келеді, дегенмен проблемалық сұрақтар да аз емес. Мысалы, облыста мүгедектігі бар 3 мыңнан астам бала тұрады. Балалар психиатрларында динамикалық бақылаумен «аутизм» диагнозы қойылған 596 адам есепте тұр, оның ішінде 261 балада аутизм, 332 балғында атипті аутизм, үш бөбекте Аспергер синдромы анықталған. Өкінішке орай, бұл сан жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті әр түрлі саладағы мамандар осы проблемалар жайында көптеген зерттеулер жасап, шешу жолдарын анықтау үстінде.
Облыста 143 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталығы, 130 балаға арналған «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұдан басқа, үкіметтік емес сектор базасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 80-нен астам бала қамтылған.
Семинар кезінде теориялық біліммен қоса, тәжірибелік жаттығулар да көрсетілді. Сайяра Сейтжанқызының ұлы қазір он тоғызда. Ол орталықта он үш жасынан айналысыпты. Осы орталықта тәрбиеленген, мамандардың балалары Рифат, Әуез және Аружан шеберлік-сыныптарын көрсетіп, үйренген дағдыларымен бөлісті.
Облыс орталығындағы ерекше балаларға арналған оңалту орталығының психологы Әсем Исанованың айтуынша, мұндай семинарлар тек мамандарға ғана емес, ата-аналар үшін де маңызды.
Өскемендік Елена Черникованың аутизм сперкті бұзылған ұлы он жаста. Оған алғаш диагнозды үш жаста қойғанымен, жеті жасына дейін анасы оған сенбей, қабылдай алмапты. Сол себепті Елена бүгін осындай балғындардың ата-анасына олармен мейілінше ертерек айналысу қажет деп санайды.
Қазір он жастағы Ермак сөйлемегенімен, жазуды үйреніп жүр. Оған сурет салған, тамақ әзірлеген ұнайды екен.
Семинарға балалар аутизмі мәселелерімен айналысатын 80-нен астам әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысты. Алайда Сайяра Михрамованың сөзіне қарағанда, ата-аналар көп болмапты. Бар болғаны бір-екі ана ғана келіп, сауалдарын қойған сыңайлы.