Шәкәрім Бұқтұғұтов: – Инвестициялық ахуалды жақсарту бизнес пен мемлекеттің ынтымақтастығын нығайтады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Шығыс Қазақстан облысынан депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі болып табылады. Сенатор елдегі инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнеске кең мүмкіндіктер беру мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастықты нығайта түседі деп санайды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды жақсарту жолында атқарылатын жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Қазіргі уақытта әлемдегі бизнесті жүргізу тәсілдері тез өзгеруде және көптеген құралдар ескіріп қалып жатыр.
Бағдарламалық құжатта инвестициялар үшін өткір халықаралық бәсекелестік жағдайында «мұнда және қазір» режимінде капитал тарту шешуші маңызға ие екені жөнінде дөп айтылған. Халықаралық қаржы институттарының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын барынша сапалы әзірлеуге айрықша көңіл бөлінбек.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке 2029 жылға қарай экономикадағы орта бизнестің үлесін 15%-ға, яғни екі есеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Осы ретте шағын бизнесті орта деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін тетіктерге ерекше ден қою қажеттігі де айтылды.
Еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жаңа векторлар белгіленді. Үкімет 17 ірі жобаның тізімін әзірледі. Әсіресе, жоғары қайта бөлуді игеру, газ өңдеу және өнеркәсіптік алыптардың айналасында іргелес өндірістерді құру бағыттарына басымдық берілмек.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Саран қаласын мысалға келтірді. Бұл қалада автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын өндіріс орындары іске қосылған. Осының арқасында Саран моноқалалар санатынан шығарылды. Бұл тәжірибе дамуы бәсеңдеп не тоқтап қалған моноқалалары бар Шығыс Қазақстан облысы үшін де өзекті болып тұр, – дейді Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов.