Қазақстандағы қаржы пирамидалары халыққа 20 млн шығын келтірді
Depositphotos.com
Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық істі тергеді.
Олар халыққа 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірген, оның 12 млрд теңгеден астамы өтелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған "Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы енгізілді. Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды.
Ағымдағы жылы қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан астам сайт сілтемелері бұғатталды. "WhatsApp", "Telegram" мессенджерлері мен "Instagram" әлеуметтік желісінде 292 чат бұғатталған.
"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.
Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызға болады.
Кез келген адам қандай да бір компанияны телеграм бот арқылы тексере алады.
Сонымен қатар, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ұсталған барлық жалған жобалардың тізімі агенттіктің сайтында жарияланған.