«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: ШҚО-да 10 мектеп салынады
Шығыс Қазақстан облысында мектептерді сапалы жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Мәселен, оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу, сондай-ақ тозығы жеткен мектептерді қалпына келтіру мақсатында өңірде 5 мектеп және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Оның 5-і Өскеменде, біреуі – Риддер мен Шемонаихада, 3-і Глубокое ауданында салынады.
Ал Риддерде құрылысы жоспарланған 1200 орындық екі мектепке келетін болсақ, мемлекеттік тілде оқытатын 600 орындық білім ошағының біреуін «Казцинк» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде салатын болса, екіншісі ұлттық жоба аясында бой көтереді.
Сонымен қатар облыста мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігі мәселесі толық шешілген. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5 мың бала балабақшаға тегін барады.
22 мың оқушы формамен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар 100% жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылған.