Өскемендік ана халықтан көмек сұрайды
Өскемен қаласының тұрғыны Раушан Ещанова халықтан көмек сұрайды. Оған бесінші сатыдағы созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылып, екі бүйрегі бірдей жұмыс істемей қалған.
Науқасқа қажетті ота Беларусь астанасы Минск қаласында жасалатын көрінеді. Ол әрине қыруар қаржыны талап етеді. Денсаулығына алаңдаған Раушан «Аltainews Мedia Сentre» ЖШС арқылы халықтан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
«Қазір аптасына үш рет төрт сағаттан гемодиализ процедурасын қабылдаймын. Яғни, қанымды жинақталған уытты сұйықтан (токсин) тазартады. Бұл денсаулыққа, әсіресе қан тамырлары мен жүрекке кері әсер етеді. Тіпті 5-10 жылда мүгедек болып қалуым да мүмкін. Қазір мені құтқаратын жалғыз жол ол - бүйрек трансплантациясы. Біздің елде тек туыстардың арасында трансплантация жасалады. Өкініштісі маған донор болатын туысым жоқ. Ал бөтен адамның бүйрегін салу Минск қаласында жасалады екен. Оған шамамен 32 млн теңге ақша керек. Ондай қыруар қаржыны жақындарым көмектессе де жинай алмаймын ғой. Төрт жаста жалғыз қызым бар. Балапанымның ертеңін ойлап уайымдаймын. Қызымды өзім өсіріп-жеткізсем деймін, ол үшін қажетті отаны жасатып, аяққа тұруым керек. Қайырымды халқым менің бұл күйімді түсініп, қол ұшын берер деп ойлаймын. Маған көмектесіңіздерші!» – деп жазады амалы таусылған ана.
Оқи отырыңыз