KZ
Өскемен
-13°
туман жел 1 м/с, С
530.24 543.97 5.16

Аягөзде еңбеққор азаматтар бар

2.12.2020, 18:34 191

Сәбит Ахметұлы адал еңбек, маңдай терімен ел құрметіне бөленген азамат. Бұл мақтау керек болғаннан соң майын тамызып айтқан сөз емес. Қарапайым болмысын танитын әркім кесек келбетін жақсы біледі.

Оның сонау совет өкіметі кезіндегі қызметін былай қойғанда, шаруа қожалығын құрып, жер ананың төсін еміп, бау-бақша өсіріп, диханшылықпен айналысып жүргеніне дәл биыл жиырма бес жыл.

Оқырманға түсінікті болу үшін өмірбаянынан аз-кем ақпарат беріп өтсем.

Сәбит ағамыз 1981-85 жылдар аралығында Алматы ауылшаруашылығы институтын «Өсімдікті қорғау» мамандығы бойынша тәмәмдап, Таңсық совхозында агроном болып қызмет атқарады. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан жанымен қалаған кәсібі диханшылыққа түбегейлі бетбұрыс жасауды қолға алып, 1995 жылы «Рүстем» шаруа қожалығын ашады.

Қиын кезеңдерді бұл шаруашылық та айналып өтпеді. Қырық құрау ескі техникалар, тұқым тапшылығы, қуаңшылық жылдарында салған өнімін ала алмай қалған қиын кездер, амалдың жоқтығынан пайызы жоғары болса да алған несие, оны қайтарудағы қиналыс арқаға аяздай батса да, арманы биік азаматты жасыта алмады. Тауы шағылғанмен тауаны қайтпаған шаруа сығырайған үмітке иек артып, жарқын күндерге деген сенімін жоғалтпады.

Осы жиырма бес жыл ішінде тынымсыз тірлік жасап жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде ауыл орталығынан 2 тойхана, 1 дүкен ашады. Қожалық меншігінде бір автобус, екі ГАЗ-53, бір ДТ-75, бір Т-25, бір белорусь тракторлары бар.

Аудан мен ауыл орталығының арасындағы жол қатынасының қиындығы ескеріліп, ұн және басқа да күнделікті өмірге қажетті тауарларды ауылға жеткілікті мөлшерде түсіріп қояды екен. Жағдайына байланысты қарызға сұраған тұрғындарға қарызға таратып, мүмкіндігінше қайырлы қайырымдылықтардан да қалыс қалған емес. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға үнемі демеушілік жасап отырады. Құдалыққа, тойға жиналған халық, автобус-ын пайдаланып жатады. Жалпы еңбеккер азаматтың жомарт жүректі атымтайлығын да ауыл тұрғындары жыр қылып айтады.

Қожалықта жүзден астам ірі қара малын да өсіруде екен. Сондай-ақ, жыл сайын 10-20га жоңышқа сынды көпжылдық шөптер де егіледі.

Қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, орамжапырақ (капуста), сәбіз, картошка тағы да басқа қожалық өнімдері осы жылдар аралығында аудан тұрғындарына кеңінен танымал.

Коронавирус індеті мен шектеу шаралары ауыл шаруашылық құрылымдарына да біраз кедергі алып келгені мәлім.

Қиындықтарға қарамастан жылдағыдай егіс жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде бүгінде 60-70 тонна картоп, 30-40 тонна қауын-қарбыз, 3 гектар қияр қызанақтан 3-4 тонна, сондай-ақ 10 га жоңышқаны 3 рет шауып алып, (укос) 100 тоннаға жуық өнім жинайды. Барлық өнімді төкпей-шашпай жинақтап, сататынын сатып, қалғанын қамбаға салып үлгеріпті.

Сәбит ағамыздың жан жары қырық жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар ұлғатты ұстаз Жексембаева Рысгүл Қабдылқадырқызы: «Биыл біздің шаруа қожалығымыздың құрылғанына ширек ғасыр болыпты. Барлығы көз алдымда.

Шаңырағымыздың отағасы ұлдары Олжас, Мұхтарларды ертіп таң бозынан тұрып, түн қараңғысына дейін отбасын жұмылдырып, жұмысшыларға дұрыс бағыт беріп, үнемі егіс даласында жүреді. Осы орайда атқарған жұмыстарына жанын беріп, үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген Екимбаева Сағила, Молдабекова Аққайша, Кокиев Бақытқазыларға алғыс айтып өтсем деймін.

Биылғы санитарлық эпидемиологиялық жағдай, пандемия салдары әлеуметке қиыншылықтар алып келгені жасырын емес. Осындай жағдайда қолдан келгенше тұрмысы төмен жерлестерімізге қолдау жасап, ізгілікке бағытталған бастамаларға қызымыз Мәриям Сәбитқызы да ат салысты. Атап айтар болсам, ауылдас құралпастарымен «Біз біргеміз» акциясы аясында 24 көп балалы отбасыларға көмектер көрсетті.

Жұмысшылармен бірге егіс басында 5-6 студенттің де еңбек етіп біраз қаражат тапқандары оң бастама деп білемін.

«Алдағы уақытта да бау-бақша өсіруді үйреніп, пайда табуды көздеген жастар мен студенттерді жұмысқа алуға әзірміз» дейді.

Біз тәуелсіз мемлекетіміздің кемел келешегі, жарқын болашағы туралы айтқанда даму мен өркендеуге үлес қосып жатқан осындай азаматтардың еңбегін де айта жүруіміз керек. Сәбит Ахметұлы сынды шаруалар отандық өнім, ауылшаруашылығының қарыштап қадам басуы жолында еселі еңбек етуде. «Еңбек түбі береке» дейді бабаларымыз. Осы орайда шағын ғана отбасының жүйелі жұмысымен өркендеп келе жатқан шаруа қожалыққа өсіп - өркендеу тілейміз. Барлық Алаш жұрты бай, қуатты болсын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу