KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1,4 м/с, В
478.93 534.96 5.16

ШҚО-да тұңғыш рет гобелен үлгісіндегі жұмыстардың көрмесі ашылды

18.02.2019, 03:33 390

Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Қазіргі заманғы гобелен. Қазақстанда жасалған» атты шығармашылық жобаның тұсауы кесілді. Онда белгілі монументші суретшілер Мәлік Мұқанов, Бауыржан Досжанов, Айдар Жамхан және Самал Үсентаевалардың гобелен үлгісінде жасалған бірегей жұмыстары ұсынылды. Көрме бір ай бойы ашық болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.



- Өскемен қаласында монументалды гобелен туындыларының көрмесі алғашқы рет өткізіліп отыр. Белгілі суретші-гобеленші Мәлік Мұқановтың өнер шеберханасында жасалған көркем туындылар жоғары технологиялық және эстетикалық  құндылығымен және өзіндік жасалу стилімен танымал. Бұл жобаның еліміз бойынша бастапқы есеп беру нүктесі Шығыс Қазақстан өнер музейінен басталғаны бізді қуантады. Бірнеше суретшіден құрылған шығармашылық ұжымды көрермен алдындағы ежелгі және қазіргі шеберлердің үйлестірілген жетістіктері, заманауи өнерге деген ортақ көзқарастары біріктіреді. Бұл топтың жұмыстарынан символдар арқылы білдірудің жаңашыл үрдісі байқалады.  Уақыт пен кеңістіктің тоғысқан сәтіндегі пайда болған бұл туындылардың жалпы ауқымдылығын халықтың «Рухы» және «Жады» деп білуге болады дейді музей директоры Бегайым Ұябаева.



Көрмеде ұсынылған 30-ға жуық туындының әрқайсысы мәнері, мән-мағынасымен көрерменді таң қалдырса, алуан түстері мен реңктері көздің жауын алады. Мысалы, «Дина», «Алатау», «Бесік жыры», «Қонақ», «Сардарлар», «Ханымдар» сынды туындылары қазақ халқының көшпелі тірлігі мен салт-дәстүрінен сыр шертеді. Көрменің ашылуына арнайы Алматыдан келген туындылардың авторлары Мәлік Мұқанов пен Бауыржан Досжанов өскемендік өнер сүйер қауыммен кездесіп, шығармашылықтары жайлы кең мағлұмат берді.


- Біз көбінесе тарихи-мифологиялық жанрда жұмыс істейміз. Батырлар мен палуандар, салт-дәстүрлер – біздің шығармашылығымыздың негізгі өзегі. Менің ойымша, өнер иелері ұмыт қалған дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды басты назарда ұстауы керек. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да сол. Ұлттық өнерді дәріптеп, жастардың өнерге деген қызығушылығын ояту, - дейді Мәлік Мұқанов.



Гобеленші-шеберлеріміз тек көрмелік туындыларды дүниеге әкеліп қана қоймай, Қазақстанның белгілі нысандарын безендіруге, соның ішінде, Астана мен Алматының әкімшілік, қоғамдық ғимараттарының ішкі көріністерін, Алматы метрополитенінің, ірі компаниялардың, мешіттердің көркемдік жұмыстарына да өз үлестерін қосып, қолтаңбаларын қалдырған.


Мәлік Мұқанов режиссерлер және сценарийшілердің жоғары  курсын аяқтаған, осы салада біраз еңбектері бар, өнертану саласында PhD докторы ғылыми дәрежесінің иесі. «Нойон», «Үшбірлік», «Жекпе-жек», «Уақытты пайымдаушы», «Пайғамбар», «Ашина» сынды туындыларынан шеберлеріміздің діни және философиялық терең ойлардан кенде емес екенін көруге болады.



- Мәлік Мұқановтың Суретшілер үйінде орналасқан шеберханасында жұмыс істейміз. Біздің өнер түрінің ерекшелігі – бұл жерде жұмыс командамен жүреді. Онда төрт шебер бар, Мәлік Мұқанов екеуіміз тоқыма өнеріндеміз. Ал басқалары көркемсурет өнерімен айналысады. Тоқыма өнері біздің елімізде қарқынды дамыған. Өйткені, біз шет елдерге барғанда жергілікті жұрт туындыларымыздың композициялық құрылымына, танымдық философиясына таңырқап, таңданады. Таңданады да тамсанады. Сапасы да жоғары деңгейде. Әсіресе, Ресейде бізді жақсы таниды. Біз олардың заманауи гобелен өнеріне арналған үш жылда бір болатын фестивалінен бір емес, екі мәрте бас жүлдені жеңіп алдық. Бірінші ретінде жай ғана қонақ болып қатысқанбыз. Сосын комиссия біздің жұмыстарымызды көріп, композициялық құрылымына таң қалды. Фестиваль шарттарын бұзып, «Пророк» жұмысы үшін бас жүлдені берді, - дейді Бауыржан Досжанов.


Расымен де осындай еліміздің атын алысқа жеткізіп жүрген шеберлеріміздің бойындағы талант кейінгі жастарға үлгі болары анық.


– Қызығы мен қиындығы бірге жүрер өнердің бұл түріне әркімнің бара бермейтіні анық. Бұл тек жай ғана көрме емес. Бұл рухтың жаңғыруы, сананың серпілуі. Осындай бабадан қалған мұраны ұрпаққа ұлағаттап жүрген сіздерге алғысымыз шексіз, деп ағынан жарылды шығысқазақстандық өнер сүюші қауым.


 


Таунар Қайратұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив