KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 2 м/с, З
443.35 475.54 4.82

Өскемендегі айтыс. Қазылар бағаны неге бір-біріне жалтақтап көтерді?

4.01.2019, 08:56 248


«Ертіс концерт» мәдениет үйінде өткен дүбірлі додаға он ақын қатысты. Кеш тізгінін айтыстың айбозы Серік Құсанбаев ұстады. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалінің директоры Әлібек Қаңтарбаев, қатарында ұзақ жылдар мәдениет басқармасының тізгінін ұстаған Түсіпхан Түсіпбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Азамат Қасым, айтыстың ардагері Дәмеш Омарбаева, ақын Гүлнұр Зұлқаршынқызы және Нұрсағила Серікбайқызы деген кісі отырды.


Айтысты ақтангер ақын Абаш Кәкенов арнау жырмен ашып, ізбасарларына сәттілік тіледі. Бұрын Өскемен өңірінде өтетін бұл айтыс сахнада жеребемен жұпталатын. Халық ақындардың тап бермедегі тартысына куә болатын. Бұл жолы айтыстың деңгейін көтергісі келген болар, қазылар алқасы күн бұрын жұптап қойыпты. Сонымен өткен жылғы осы айтыстың жеңімпазы глубокоелік Қуаныш Еркінұлы мен семейлік Нұрлан Бектас сөз бастады. Құрдастар арасында құрылған әзіл-қалжың үлгісінде өрбіген айтыста семейлік серінің бағы мен бағасы жоғары шықты. Екінші жұп болып ел алдында Құралай Камалиева мен Дәурен Сембайдың  сөзі таразыға тартылды. Ақсуаттың абройын асқақтатып жүрген Дәурен көптен бері көбең жүрген әйгілі Құралайға не айтар екен деген ел көңілі екеуінің айтысын қошаметтен кенде еткен жоқ. Жалпы айтысқа өз әуенімен, дара талантымен келген санаулы ақындар қатарынан саналады ғой Құралай. Осыдан жиырма жыл бұрын Алатау баурайында топ жарған қыз сол тебінін байқатты. Көп көңілінен шыққан айтыс болды. Дәурен өрелі өнер көрсетсе де, әпкесіне аталы сөзден есе жіберді. Қазылар алқасы осыны ескеріп Дәуренге сәл төмендеу ұпай беріп еді, халық шу ете түсті. Бірақ елдің жөнсіздеу айғайқа басқанын аңғарған қазылар алқасының төрағасы турасын айтып елдің мысын оңай баса салды. Келесі кезекте арқалы ақын Фархат Маратұлы мен жас пері, көкпектілік Аян Қалымбек сөз қағыстырды. Фархат бабында екен. Жерлес інісіне көп күш жұмсамай-ақ, қажетті ұпайын алып екінші айналымның жолдамасына ие болды. Төртінші жұп болып зайсандық ақын Ардабек Ақбабаұлы мен семейлік Қуандық Кенжебекұлы шықты. Биылғы Глубокое, Зайсан аудандарында өткен айтыстардың бас жүлдесін иеленген зайсандық ақынның ел алдына шыға салып танытқан екпіні мен аяқ алысы ғажайып болды. Аузынан төгілген інжу сөздер түйдек-түйдегімен халыққа жетіп жатты. Тіпті нағыз ақынды көрген жұрт шуламай-ақ үнсіз тыңдайды екен. Тек әр тыныстағанда бір дүркіретіп қол соқтырады. Ел разы болды. Шынын айтқанда қарсыласының не айтқаны есімізде қалмапты.  Ақырғы болып семейлік Манарбек Сатыпалды мен өскемендік Жұлдызай Маратбекова ел алдында өнер көрсетті. Жалпы соңғы кездері Жұлдызай да ел назарына іліне бастаған. Өскемендік қыз бабында екен. Жігітті бірінші айналымға қалдырып, өзі келесі кезеңге кетті.



Екінші айналымда Құралай мен Нұрлан айтысты бастады. Әпке, бауыр арасындағы сыйласымды айтыс болды. Екпіні елді шулатқан Ардабек пен Дәурен үзеңгі қағыстырған. Бірақ бұл айтыста өзіне тең келетін ақын жоқтығын Ардабек тағы бір мәрте дәлелдеп тастады. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, соңғы жұп болып Фархат пен Жұлдызай шықты. Қыз бен Жігіттің әдемі айтысын көрсетті. Жалпы Фархат өрелі ақын ғой, он бес жасынан топ жарған тәжірибесі де жетерлік. Бүгінде Көкпекті ауданының мәдениет үйінде қызмет істеп жүрген замандасымыз көп уақыт салып барып айтысқа қайта оралды. Әйтпесе кезінде Жүрсіннің жүлде бермес жүйріктерінің бірі болғанын ел біледі. Сол даңқынан жас қыз ыққан жоқ. Керемет өнер көрсетті. Соңғы жылдары Өскеменнен ақын шықппай кеткеніне налып жүрген елге бұл үлкен қуаныш еді. Бірақ, қазылар алқасы осы тұста оқыс мінез танытып, бір-біріне жалтақтап отырып баға көтеріп жас қызды ұшырып жіберді. Халық шулауға дәрменсіз, алдында орынсыз айғайға басам деп опық жеген ғой. Өскемен руханиятын дамытқысы келіп жүрген азаматтардың бұл қылығын түсінбей біз дал болдық. Тек Құсанбаев ғана ақындар үшін шыр-пыр болып отырды. Қанша дегенмен осы айтыстың қыр-сырын білетін, қиянатын көп көрген ақын ғой...


Сонымен жарты миллиондық айтыстың бас жүлдесін Ақбабаның баласы талассыз алды. Бірінші орын Дәуренге, екінші орын Фархатқа бұйырды. Олар 300 мың және 250 мың теңгелік жүлдеге ие болды. 150 мың теңгелік үшінші орындар Құралай мен Нұрланның қанжығасында. Ал Жұлдызай «Шығыс Ақпарат» ЖШС тағайындаған 100 мың теңгелік арнайы жүлдеге ие болды. Жыламсырап тұрған ақын қызға «болашағың алда» деп жұбату айтқандай болдық. Ал, қазылар «Жұлдызай ренжімейді, өзіміз ғой» деген уәж айтты. Егер өнерін өрістеткісі келген өзге өңір болса Жұлдызай шыңдала берсін деген мақсатта Ардабекпен бір айтыстырып алар ма еді?! Өскеменнен жарық етіп шыққан ақындардың жалп етіп өшіп қалатыны айтысқа  өзімсініп істейтін осындай «қамқорлықтан» болар, кім білсін?! Ал айтысқан ақындар да құр қол қайтқан жоқ.


Жалпы бұл айтыс облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасының демеушілігімен өткенін айта кету ләзім.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив