«Алтай» басты қарсыласынан есе қайтарғандай болды

Петропавлда «Алтай» мен «Жетісу» арасында өткен «супердерби» өскемендік команданың жеңісімен аяқталды. Осылайша, жерлестеріміз басты қарсыластарынан Павлодарда кеткен есені қайтарғандай болды.
Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше апта бұрын қос команда Павлодарда шеберлік байқасып, ол ойында былтырғы Қазақстан біріншілігінде топ жарған «Жетісу» 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал оған дейінгі 20 ойынның 19-ында қарсылас шыдатпаған «Алтай» 21-шісінде жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болған.
Айта кетейік, дәл қазір Петропавлда Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының төртінші тур ойындары ойналуда. Бұл тур матчтары 20 ақпанға дейін жалғаспақ.
Ал енді «Алтай» мен «Жетісу» арасындағы ойынға оралсақ, аталған кездесуді ширақ бастаған талдықорғандық ойыншылар тез есепте алға шықты. Дегенмен «алтайлықтар» да қарап қалмады, көп ұзамай таразы басын теңестірген жерлестеріміз жеңіске жақын болған. Алайда шешуші сәтте бірнеше қателік жіберіп, 26:28 есебімен қарсыласқа жол берді.
Қанаттанған «Жетісу» волейболшылары екінші кезеңді (есеп 16:25) де өз пайдасына аяқтап, партиялардағы есепті 0:2-ге жеткізді. Басқа команда болғанда сағы сынып қалар ма еді, кім білсін, алайда өскемендік ұжым еңсені түсірмеді. Үшінші кезеңде қайткенде де жеңіске жетуді мақсат еткен аруларымыз ақыры дегендеріне жетті. Бұл партия 25:22 есебімен «Алтайдың» пайдасына аяқталды. Қаһарына мінген Марко Гршич шәкірттері төртінші кезеңде де талдықорғандық команданың көсіле ойнауына мүмкіндік бермеді. 25:21. Партиялардағы есеп теңесті.
Өскемендік командадан мұндайды күтпеген «жетісулықтар» шешуші кезең – тай-брейкте де қарсыластарына бәлендей қарсылық көрсете алмады, 15:11. Қорытынды есеп 3:2 «Алтайдың» пайдасына.
Бұл ойында біздің команда сапында әдеттегідей Сана Анарқұлова белсенділігімен көзге түскенін айту керек. Сана матч барысында 30 ұпай жинап, «Алтайдың» жеңіске жетуіне елеулі үлес қосты.
Осы жеңісінен кейін қайтадан бірінші орынға көтерілген жерлестіріміз әзірге «Жетісудан» үш ұпай алда тұр. Дәл қазір «Алтайдың» қоржынында 69 ұпай бар.