Қазақстанда Әлем чемпионаты өтеді. Галышеваны қуантқан жаңалық
Елімізде тұңғыш рет фристайлдың могул және акробатика түрлерінен Әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ұлттық шаңғы қауымдастығының президенті Диас Сүлейменов хабарлады.
Спорттың аталмыш түрлері бойынша жаһандық дода биылғы 7 мен 14 наурыз аралығында Алматының іргесіндегі «Шымбұлақ» курортында өтпек. Белгілі болғандай, халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) еліміздің Ұлттық шаңғы қауымдастығына фристайлдың могул және акробатика түрлерінен Әлем чемпионатын өткізу жөнінде ұсыныс хат жолдапты. Өйткені, жақында Канаданың Калгари қаласы аталмыш дүбірлі доданы өткізе алмайтындығын хабарлаған.
– Еліміз бұл ұсынысты бірден қабылдады. Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – бұл шынымен де тарихи оқиға. Әлбетте, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрген Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Жанбота Алдабергенова сияқты могулшылары мен акробаттарымыз мұндай құрметке лайық. Ендігі міндетіміз – Әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырып қана қоймай, турнирге қатысушылар мен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Басқа елдердің тәжірибесін зерттейміз, қауіпсіз логистиканы, медициналық қолдауды және спортшылардың қозғалысына қатысты шектеулерді ескереміз. Жарыстар міндетті түрде халықаралық және қазақстандық арналардан көрсетілетін болады, – дейді Диас Сүлейменов.
Жалпы, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты бұған дейін екі мәрте фристайлдан Әлем кубогын өткізгенін еске салайық. Ал биыл еліміз Әлем кубогының финалдық кезеңін қабылдаушы мемлекет атанайын деп отыр. Бұл жарыс та наурыз айына жоспарланыпты. Осы ретте, 2020-2021 жылғы маусым Бейжіңде өтетін Ақ Олимпиаданың жолдамалары үлестірілетін іріктеу кезеңі екенін айтқан жөн.
Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері, фристайлдың могул түрінен соңғы Әлем чемпионатының жеңімпазы Юлия Галышева үшін бұл шынымен де күтпеген жаңалық болыпты.
– Әлем чемпионатының Қазақстанда өтетіні туралы АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындары кезінде естідік. Өте қуаныштымыз. Негізі, осыдан екі жыл бұрын Алматы халықаралық федерацияның күнтізбесіне енген сәттен бастап осы күнді асыға күттік. Содан бері елімізде фристайл спорты қарқынды дами бастады, командамыздың көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Айналдырған екі жыл ішінде қатарымызға бір топ жас спортшы қосылып, бүгінде халықаралық додаларда бақ сынауда. Туған жерімізде сынға түсу еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ерекше сезімді сыйлайды. Мен Әлем чемпионатына дейін қалған бір ай ішінде еліміз бен әлемдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарып, жанкүйерлеріміз бұл жарысты өз көзімен тамашалай алады деп үміттенемін. Себебі, жерлестеріміздің қолдауы біз үшін өте маңызды, – дейді былтырғы чемпиондық атағын өз елінде қорғау мүмкіндігіне ие болған Юлия Галышева.