KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

ШҚО-да жылқыларды мылтықпен атып, ұрлап әкетіп жатыр

14.01.2019, 05:00 199


Жаға ұстатарлық жәйт. Жаздан бері Ұлан ауданындағы  Мамай батыр ауылы тұрғындары мен осы елді мекеннің жанындағы шаруа қожалықтарының өрістегі жылқысы мен ірі қарасын қаскөйлер мылтықпен атып құлатып, ұрлап әкетуде.


Бұрыңғы бұрыңғы ма, қара күз түсісімен малмен  күнелткен ауыл тұрғындарының тыныштығы мүлдем кеткен. Ауылдағылардың өрісте жүрген ірі қарасы мен жылқылары апта сайын жоғалып, ұрланып жатыр.


Жылқылардың семізіне, оның ішінде құлындағалы жүрген буаз биелерге анадайдан қару кезеніп тұрып, аңды қырғандай жайратып салып жүрген ұрылар мал иелерін мазақ қылып, төртке бөліп сойып алған жылқылардың жүрегі мен өкпесін қарға қан жоса ғып қалдырып кетіп жатқан көрінеді.


Мамай батыр ауылында тұратын ағайынды жігіттер Асылбек пен Ертарғын Зейнолданың бағып отырған бірнеше бас малы да  ұрылардың қолында кеткен.


-Жазда тек біздің шаруашылығымыздан тоғыз бас ірі қарамызды ұрылар алып кетті. Қатар жайылып жрген екі шаруашылықтың жылқыларынан бір бірден екі жылқыны бірдей атып алып кетті. Жылқыны сойып алғанда бас, сирағы, анау қазы аударатын ішектеріне дейін алып кетіп, өкпесі мен жүрегін қалдырып кетіпті. Бұлары несі, неге тек жүрек пен өкпені қалдырған? Жігіттерден сұрасам бұл ұрылардың мал иесі бізге, полицияға көрсеткен сесі дегенді айтады. Жүрегіміз түкті, ұрлағанымызға өкпелемеңдер дегендегісі деседі баяғы. Бұл не деген сұмдық? –дейді Асылбек Зейнолда.


Алайда, «жүрегінің түгі» барлардың екеуін жуықта полиция қызметкерлері қолға түсіріпті.


Күнімен, түнімен ауыл маңындағы жылқыларды аңдумен болған жедел топ бірнеше күн бұрын жылқы үйірінің жанына  келіп  оларға аң атқандай оқ жаудыра бастаған екі жас жігітті көлікпен қуып жүріп ұстап алған.


-Бір апта бұрын жылқымызды өрістен атып алып кеткен ұрылар араға  алты күн салып барып 9 қаңтар күні малға қайтадан кәдімгідей қарулы шабуыл жасады. Қас қарая бергенде жайылып жүрген бір үйір жылқы үркіп, дүркіреп қаша жөнелді. Осы кезде мылтық дауысы да шаңқ етіп, малды алыстан бақылап отырған біз  полицияға хабар беріп үлгердік. Маңайды торып жүрген жедел топ көзді ашып, жұмғанша жетіп, көлікке отыра қашқан ұрылардың соңына түсті. Олардың артынан қақпайлай қуған Әсет, Мирас бастаған бір топ полиция қызметкерлері көліктегі екі жігітті Ұрынхай көпірі үстінде көлденең тосқауыл қойып тырп еткізбей қолға түсірді. Жап жас екі жігіт екен. Аттарын айтқан жоқ. Алты күн бойы ұйықтамай атпен, көлікпен жүріп, ұрыларды аңдып, ұстаған  полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз.-дейді Асылбек.


Ақ қардың үстінде  ақ «Хундай акцентке» мініп, көзге түспеудің амалдарын әбден ойластырған ұрылар қолдарындағы мылтықтары мен пышақ, қаптарын жан жаққа лақтыра қашқанымен алысқа ұзай алмай, қоршауда қалған. Қазір оларды полиция тергеуге алып жатыр. Қаншама малы жоғалған Мамай батыр ауылының тұрғындары, Ақбауырдағы, Сағырдағы шаруа қожалықтарының иелері өздерінің малдарын ұрлап жүрген осы ұрылар болуы мүмкін екенін айтып, істің соңын, тергеу жұмыстарының нәтижесін күтіп отыр.


Ұрылар соңғы рет қолға түсер жолы келгенде үйірдегі тағы бір буаз биені атып салған екен. Қашқан жылқыға ілесе алмай  тәлтіректей жүріп бара жатқан тор биенің кеудесіне тиген қорғасын оқ екінші жағынан шығып кеткен. Бір айдан соң құлындауы тиіс биені енді сойып алмасқа амал жоқ. Мал дәрігерлері  оқ тиген биенің ішінен қан кетіп қансырап жатқанын,  мал болмайтынын айтқан. Асылбектің мұның алдында атып алып кеткен биесінің ішінен де құлын шыққан. Жылқыларды аңды атқандай жайратып салып жүрген ұрылар ол құлынды лақтырып кеткен екен. Мал иесі үйіне әкеліп қойыпты.


1992 жылы Моңғолиядан осы ауылға бала шағасымен көшіп келген 70 тен асқан кейуана, ағайынды Асылбек пен Ертарғын Зейнолданың аналары  Мағай Жәміш маңдай терімен несібесін тауып жатқан ұлдарының шаруасының шырқын кетіріп, ауылдың мазасын алған ұрылардың бәрі ұсталып, олардың қолында кеткен қаншама отбасының ірі қарасы мен жылқысының өтеуі қайтарылып берілсе екен дейді.


Ақбауыр қыстағындағы «Қазына» шаруа қожалығының иесі Шынар Нәзтай да малына ұрылар тыныштық бермей отырғанын айтады. Осы шаруашылықтың да бірнеше малы ұрылардың қолында кеткен. Сағырдағы Дәулетбай Орайханның да малдары ұрланған.  Жаздан бері бұл жақта оншақты отбасының 50 бастай мал өрістен сойылып әкетілген.


Мылтықты ұрылардан қорқып,малдың жанына бара алмай қалған ел енді ұры қарының екеуі ғана емес, қалғаны да ұсталып, тиісті жазасын алса, құқық қорғау органының тарапынан алдымыздағы малды алаңсыз бағуға мүмкіндік тудырылса деп отыр.






[caption id="attachment_48153" align="alignnone" width="300"] (Суреттер автордікі)[/caption]


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив