Тасқынның алдын алуға тұрғындар да атсалысуы керек - ШҚО
Шығыс өңірінде көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстары ақпан айында басталып кеткен. Ал наурыз келіп, күн жылынғанда бұл жұмыс тіпті қыза түсті. Құзырлы орындар да күшейтілген режимге көшірілген.
Биыл Тарбағатай ауданында қар қалың болмаса да екі ауылға қар суынан қауіп бар. Осы орайда аудан әкімдігі қазір тасқынның алдын алу үшін тоғандардың су жайылуы ықтимал осал тұстарын бекітіп, суағарлар мен каналдарды тазалау жұмыстары қарқынды атқарылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда тоғыз каналдың жетеуі, 16 арықтың 11-і, тоғыз көпірдің алтауы қардан тазаланған
Тарбағатай ауданында қазір барлығы 78 арнайы техника бар. Оның ішінде: үш грейдер, 12 арнайы техника, 33 трактор, сегіз экскаватор, 18 жүк тасымалдайтын және төрт жолаушылар тасымалдайтын техника.
Сонымен қатар ауданда төрт эвакуациялық жиналу және қабылдау пункттері құрылған. Олар Қарасу ауылының Кайсенов атындағы орта мектебінің спорт залында, Ақжар ауылындағы Абай орта мектебінің, Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейінің спорт залдарында және М.Әуезов атындағы мектеп-интернет-колледжінде орналасқан.
Құтқарушылар көктемде үйлерге су кірмеуі үшін әр тұрғын өзінің ауласын, үйінің төбесін қардан тазалап, жақын маңдағы арықтар мен су өткізу құбырларын, қоқыстан тазарту керектігін еске салды.
Фото: Тарбағатай ауданы әкімдігінің ресми парақшасы