KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
501.31 520.11 5.33

Дәрігерлер қарияларды қуанышқа бөледі

25.09.2020, 09:14 82

Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындары қарттар күні мерекесі қарсаңында қуанышқа бөленді. Облыстық онкологиялық және хирургия орталығының онколог-дәрігерлері арнайы келіп, қарияларды қабылдап, кеңестерін берді. Мерекеге сый-сияпаттарын жасады.
«Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінің директоры Ерболат Ошақбаевтың сөзіне қарағанда, әлеуметтік мекеме мен облыстық онкологиялық және хирургия орталығының арасында тығыз байланыс орнатылған.
-Осыған дейін қатерлі ісік дертімен есепте тұрған біздің тоғыз тұрғынымыз онкология орталығына барып, бір күнде барлық тексерулерден өткен еді. Онкологтар қарттарымызды кезексіз, бір маманнан екіншісіне жіберіп, денсаулықтарын тексеріп берген. Алатын емдерін нақтылап, кеңестерін берді. Бүгін сол науқастардың жағдайын білу үшін бізге арнайы келді, - деді Ерболат Құмарханұлы.
Онкология және хирургия орталығының директоры, облыстың бас онкологы Гүлмира Сагидуллина онколог дәрігерлердің алдында егде адамдардың, әсіресе 65 жастан асқан жандардың денсаулығын сақтау міндеті тұрғанын атап өтті. Айтуынша, жасамыс жандар әртүрлі кәсіптік тексерулерден өтіп тұрады, өз беттерімен емханаға бара алады. Онкологиялық ауруларға осы қарт адамдар көбірек ұшырайды екен.
Онкохирург, Өскемен қаласының бас онкологы Ербол Құсайынов жеті науқасты қабылдап, сол жерде кеңесін берді. Науқастардың бірі, жетпістен асқан азамат осыдан жиырма жыл бұрын тамақтың қатерлі ісігіне шалдығып, ота жасатып, түтікше қойғызған екен. Осыдан біраз бұрын науқас онкологиялық орталыққа келіп, түтікшесін тазалап беруді өтініпті.
-Жиырма жыл түтікшемен жүру сирек кездеседі. Барлық гәп науқастың өмірге деген құштарлығында, көңіл-күйінде. Маған алғаш қабылдауға келгенде, «дәрігер, тек көмектесіңізші, ары қарай өзімнің шамам жетеді» дегені. Мен оның мықтылығына қайран қалдым. Түтікшесін тазалап, орнына салдық. Қазір барлық зерттеулері дайын болғасын, ары қарай емдеудің жолдарын қарастырамыз, - деп бөлісті Ербол Құсайынов.
Онкологиялық орталықтың дәрігерлері қариялардың бөлмелерін аралап, оларға қолайлы жағдайлар жасалғанын өз көздерімен көрді. Олардың әрқайсысы жүректері қалайтын сүйікті істерімен айналысады екен. Біреулері еңбек терапиясы бөлмесінде моншақтан алуан түрлі сувенирлер тоқыса, екіншілері кітапханада кітап оқып отыр. Тамаша заманауи құралдармен жабдықталған стоматологиялық кабинет мекеме тұрғындарының аудан, облысқа сабылмай, осы жерде ем қабылдауына мүмкіндік беретіні қуанышты.
Қонақтар қарияларға онкоорталықтың кітап қорынан шетелдік және отандық авторлардың кітаптарын, классикалық туындаларды сыйға тартты. Мекеме тұрғындары күздің ұзақ кештерінде дастархан басында жиналып, жылы естеліктерімен бөліскілері келсе, қонақтар сыйға тартқан термопот өте қолайлы болары сөзсіз.
Қариялар өз кезектерінде қолдарынан шыққан туындылар –моншақтан өрілген ағаш сувенирі мен қолмен өрнектелген сандықша сыйлады.
-Еңбек терапиясы бөлмесінде біз керемет туындылардың куәсі болдық. Келешекте біздің стационарда мекеме тұрғындарының қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін ұйымдастырсақ деген ой келді. Біздің науқастар да тамаша суреттер салып, шығармашылықпен айналысады
, - деп атап өтті онкологиялық орталықтың директоры.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу